×

18 млрд теңге: Павлодар облысында қылмыстық топ мүшелері сотталды

Топтың қызметін пайдаланған энергия тасымалдаушы компания өз шығындарын асыра көрсетіп, электр энергиясының тарифін заңсыз көтерген

 Динара Амантай 08.08.2023 | 12:26
Коллаж: Halyq Uni

Павлодар облысында ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері жосықсыз кәсіпкерлерге материалдық сыйақы үшін 6,8 млрд теңге салық төлеуден жалтаруға көмектескен, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі мен оның 9 мүшесі 26 еншілес компанияны тіркеп, олардың атынан 4 жыл ішінде 18 млрд теңгеден астам сомаға жалған шот-фактуралар жазып бергені дәлелденген. Бұл қылмыстық топтың қызметін 225 кәсіпорын пайдаланған. Оның ішінде энергия тасымалдаушы компания өз шығындарын асыра көрсетіп, электр энергиясының тарифін заңсыз көтерген.

Ұйымдасқан қылмыстық топты жою нәтижесінде бақылаудағы компанияларды тіркеу заңсыз деп танылып, сатып алушыларға 560 млн теңгеден астам сомаға салық төлеу туралы хабарламалар берілді. Электр энергиясын тұтынушылар үшін 580 млн теңгеден астам сома тариф қайтарылды, – деді ҚМА ресми өкілі Әлібек Әбділов.

Сот үкімімен ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде, қалған мүшелері 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама