×

АҚШ соты Мұхтар Әблязовтың БТА Банктен ақша жымқырғанын анықтады

Америкалық судья банкирдің ұрлаған ақшаны АҚШ-қа асырғанын хабарлады

 Халық үні 03.08.2023 | 17:27
Фото: ашық дереккөз

АҚШ соты Мұхтар Әблязовтың БТА Банктен ақша жымқырғанын анықтады. Бұл туралы БТА банктің баспасөз қызметі хабарлады.

2023 жылдың 31 шілдесінде Нью-Йорктің Оңтүстік округі бойынша АҚШ аудандық сотының судьясы Джон Г. Кельтл «БТА Банкі» АҚ-ның Triadou SPV S.A.-ға қарсы ісі бойынша шешім шығарды. Іс бойынша 193 миллион доллардан астам сомаға қатысты шешім АҚ пайдасына шығарылды.

Сот шешімі 2022 жылдың желтоқсанында алқабилердің үкімімен бірдей болды. Үкімге сай Triadou компаниясы бөтеннің мүлкін иемденгені және заңсыз байығаны үшін жауапқа тартылған. Алқабилердің үкімінен кейін судья іс материалдарын қарап, өз шешімінің негізін баяндады.

Нәтижесінде сот БТА-ның Triadou-ға қатысты сенімгерлік меншікке және БТА қаражатын пайдалану арқылы алынған кез келген пайдаға қатысты талабын қанағаттандырды. Сондай-ақ БТА-ның Triadou-дың бірқатар автивіне қатысты талап арызын қабылдады, - делінген ақпаратта.

Сот Triadou SPV Мұхтар Әблязовтың күйеу баласы Ильяс Храпунов құрған және басқаратын жалған компания екенін растады. Бұл компания БТА-дан ұрланған 70 млн доллардан астам қаражатты алып, оны Нью-Йоркте және АҚШ-тың басқа да жерінде жылжымайтын мүлікке инвестициялаған.

Сот қорытындысында «сотта келтірілген дәлелдер Америка Құрама Штаттарындағы Triadou атынан салынған қаражат Әблязовтың БТА-дан басқа жалған компания арқылы ұрлаған 115,3 миллион долларымен тікелей байланысты екенін көрсетеді» деп жазылған, - деп хабарлады БТА Банкі.

Ильяс Храпунов Triadou SPV-ді басқа адамға сатқанын айтқанымен, сот «Филипп Глатцтің сатып алғаны жалған деп танып, сот процесі басталған кезде де Ильяс Храпунов Triadou SPV-ді бақылап отырды» деген қорытындыға келген.

Сот пен алқабилер куәгерлерді, соның ішінде Мұхтар Әблязов пен оның сыбайластарын, сондай-ақ БТА-ға қатысты жасалған ірі алаяқтықтың құрылымын түсіндірген сарапшы куәгерлерді тыңдады. Сот БТА ұсынған Әблязовтың «оффшорлық компанияларға жалған несиелер» арқылы миллиардтаған долларды ұрлау үшін БТА корпоративтік бизнес кеңсесін пайдаланғаны туралы дәлелдері толық деп шешті, - делінген банк хабарламасында.

Сот «Банктің клиенттері» болған оффшорлық компаниялар Әблязовқа тиесілі болған немесе соның бақылауында болған, ал оларға берілген «несиелер»  экономикалық мазмұнға ие емес деген қорытындыға келді. Тәуелсіз тараптар арасындағы мәміле орнына, «несиелер» Әблязовтың БТА Банкінен қаражатты заңсыз иемденуіне арналған» деген қорытынды шығарды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама