Тиісті сараптамалар тағайындалды
Бас прокуратура Қарағандыда балалардың жаппай улануына байланысты тергеуді бастады, деп хабарлайды Halyq Uni.
2023 жылдың 31 шілдесі «Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-де балалардың тамақтан улану фактісі бойынша қылмыстық кодекстің 304-бабы 2-бөлігі (ауыр зардаптарға әкеп соқтырған санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Қылмыстық іс Қарағанды облысы прокуратурасының арнайы прокурорларының өндірісіне қабылданды. Құқық қорғау және арнайы органдардың тәжірибелі қызметкерлері жұмылдырылып, ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды, – делінген ресми ақпаратта.
Тиісті сараптамалар тағайындалды.
Тергеу шеңберінде жауапты лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттеріне тиісті құқықтық баға беріледі.
Айта кетейік, бұған дейін Қарағанды облысында 12 баланың ауруханаға түскені, бір баланың қайтыс болғаны хабарланды. 6 бала жансақтау бөлімінде жатыр. Бес баланың жағдайы орташа.
Елімізде жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларға арнаулы медициналық-әлеуметтік қызмет көрсететін 84 мекеме бар. Ішінде 37 мекеме балаларға арнаулы медициналық-әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, 47 балалар үйі, сондай-ақ 2 959 баланы қамтитын отбасын қолдау орталығы бар.