Референдум қашан өтеді – Орталық сайлау комиссиясы жауап берді
Бұған дейін Тоқаев Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде референдум өткізуді ұсынған еді
Қазақстанда Конституцияға өзгеріс енгізу бойынша халықтық референдум өткізу мерзімі президент жарлығынан кейін белгілі болады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавкат Өтемісов айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Референдум қай күні болатыны президент жарлығымен шешіледі. Арнайы жарлықта сұрақ қандай редакцияда қойылатыны бекітіледі. Халық назарына ұсынылатыны сол жарлықтан кейін белгілі болады. Қазір заң жобасы Конституциялық кеңесте қаралып жатыр. Қазір енгізіліп, БАҚ-та талқыланып жатқан нұсқа ол Конституциялық кеңес шешімі бойынша өзгеруі мүмкін. Яғни, ұсынылған күйде тап солай шықпауы мүмкін, – деді Өтемісов мәжілісте журналистердің сұрағына жауап беру кезінде.
Оның айтуынша, әзірге референдумды өткізуге қанша қаржы кететіні белгісіз.
«Референдумды өткізуге жұмсалатын қаражат есептеліп жатыр. Ол талқылауға қанша сұрақ шығарылатынына байланысты болады. Сайлау комиссияларының жұмысы бойынша алдын ала жасалған смета қазір үкімет қарауында жатыр. Қазір ол туралы айта алмаймын. Депутаттар бюджетті бекіткен кезде ғана айтамыз», – деп қосты спикер.
Бұдан бөлек Орталық сайлау комиссиясының мүшесі «референдум өткізуге мектеп мұғалімдері тартыла ма?» деген сауалға жауап берді.
Мұғалімдер жайлы айтсақ, бұл біздің құзіретімізге жатпайды. Себебі учаскелік комиссия мүшелерін жергілікті мәслихаттар сайлайды. Ал олардың кандидатураларын әрбір саяси партия, олар болмаса, қоғамдық ұйымдар ұсынады. Сондықтан мұғалімдерді ұсына ма, басқа біреуді ұсына ма, ол саяси партиялардың құзырында. Екіншіден, мәслихат депутаттары оны қолдай ма, қолдамай ма сонымен анықталады, – деді ОСК мүшесі.
Сонымен бірге Өтемісов референдум кезінде онлайн дауыс беру мәселесіне қатысты пікір білдірді. Айтуынша, ОСК елдің 16 өңірін аралап, саяси партиялар, БАҚ, қоғамдық ұйымдар өкілдерімен кездесіп, сайлау процесіне қатысты мәселелерді талқылаған.
«Айта кетейін, онлайн дауыс беру жиі көтеріледі. Мойындаймын, оны қолдайтындар бар, әсіресе жастар. Сонымен бірге әзірге оны енгізуге асықпайтындар бар. Ол немен байланысты десеңіз, біріншіден, ол шығын. Егер естеріңізде болса, қателеспесем 2004 жылы алғаш рет Е-жүйе енгізілді. Яғни, электронды жүйелер арқылы дауыс беру мүмкіндігі ұсынылды. Оған қазіргі курспен алсақ шамамен 15 млрд теңге жұмсалды. Алайда сол жылдар көрсеткендей ол жүйе қажетсіз болып шықты. Ақша желге ұшқанмен бірдей», – деді ол.
Сондай-ақ спикердің ойынша, онлайн дауыс беру кезіндегі қауіпсіздік мәселесі өзекті болып отыр.
Екіншіден, қауіпсіздік мәселесі бар. Бүгінгі таңда бүкіл әлемнің ақпараттық жүйесі хакерлердің ықпалында қалып отыр. Банктер, сайлау жүйелері мәліметтерін жасырады. Сондықтан егер бұл сұрақтар 100 пайыз шешіліп, сайлаушылардың жеке мәліметтерінің қорғалуы қамтамасыз етілсе, оның дауысы бұрмаланып кетпесе, бұл мәселені егжей-тегжей зерттейміз, – деп қорытындылады ОСК мүшесі.
Өткен аптада мемлекет басшысы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жайында республикалық референдум өткізуді ұсынған болатын.