Қазір келіншектің үстінен қылмыстық іс қозғалды
Алматы облысында көршінің қызының бет-аузы мен қолын байлаған әйел 2 айға қамауға алынды.
Алматы облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, сот шешімімен 22 шілдеде 1999 жылғы азамат 2 айға қамауға алынған. Қазір күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 126-бабы бойынша тергеу басталды.
Бұған дейін хабарланғандай, Алматы облысы Қарғалы ауылының тұрғыны кәмелеттік жасқа толмаған қыздың бет-аузы мен қолын байлап, қараусыз қалған ғимараттың аумағына апарған болатын. Көршінің қызының аузы мен қолын байлап жатқаны туралы видеосы әлеуметтік желіге тараған соң, әйел көп ұзамай ұсталған еді.
Қазір қыз баланы жәбірлеген әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Оның бұл әрекетке баруына қыздың әке-шешесінің алған ақшаны қайтара алмай жүргені себеп болған көрінеді.