Бас прокуратура Бейбіт Шүменовке іздеу жариялады
Бұған дейін боксшының 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екені хабарланды
Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті белгілі боксшы Бейбіт Шүменовке іздеу жариялады. Порталда хабарланғандай, боксшыға іздеу жарияланғанына 2 күн болған.
Еске салайық, кәсіби боксшы қолында баласы бар ер адамға жұдырық ала жүгірген.
Оқиға 18 маусымда болған. Астанадағы «Mega Silk Way» сауда-ойын-сауық орталығындағы кафелердің бірінде қоғамдық тәртіп бұзылып, келушілердің бірі екіншісін ұрып-соққан.
Қазіргі уақытта осы факт бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабымен (Бұзақылық) сотқа дейінгі тергеу басталды, ол 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.
Қазақстандағы Бала құқығы жөніндегі уәкіл Динара Закиева кәсіпқой боксшы Бейбіт Шүменовті тағы бір бап бойынша қылмыстық жауапқа тартуды ұсынды.
Омбудсмен боксшы өз іс-әрекетімен жәбірленушінің қолында болған баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіргенін ескеріп, Ішкі істер министрлігіне жүгінген. Оның пікірінше, Бейбіт Шүменовті қылмыстық жауапкершілікке тарту керек.