×

Елорда мектептерінде көптеген пән бойынша мұғалім тапшылығы болуы мүмкін

Қалада енді 3 487 педагогке қажеттілік туындайды

 Еркеғали Болатұлы 20.07.2023 | 14:14
көрнекі фото: Halyq Uni

Астана қаласы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нариман Еламанов елордада оқушылар саны көбейіп, мұғалімдерге тапшылық болатынын айтты.

Бала туу көрсеткішінің және халықтың ішкі көші-қонының өсуіне байланысты, жалпы білім беретін мектептерде жыл сайын оқушылар саны орта есеппен 20 мыңға артып келеді. Болжам бойынша, 2027 жылы оқушылар саны 330 мыңнан астам балаға жетеді. Осыған байланысты қалада 3 487 педагогке қажеттілік туындайды, - деді ол онлайн брифингте.

Сонымен, енді мектептерге бастауыш сынып мұғалімі, ағылшын тілі, орыс тілі, биология, география, бейнелеу өнері, информатика, математика, музыка, алғашқы әскери дайындық, физика, химия, дене шынықтыру, көркем еңбек, педагог-психолог, әлеуметтік педагог, арнайы педагог қажет болады.

Бұл мәселені шешу үшін 2018 жылдан бастап жыл сайын Астана қаласы әкімінің гранты бөлініп келеді. 2022 жылы Астана қаласының жергілікті атқарушы органының гранты бойынша білім алған 338 мұғалім мектепке алғаш қабылданып, жұмыс істей бастады. Яғни 695 түлектің 48,6 пайызы жұмысқа орналасты, ал қалғаны магистратурада оқуын жалғастырып жатыр, - деп атап өтті Нариман Еламанов.

2023 жылдың мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша ЖОО-ны бітірген түлектер саны – 363. Оның ішінде педагогикалық мамандықтар бойынша – 114, медициналық – 116, сәулет және дизайн – 95, ақпараттық жүйелер – 22, мейрамхана, бизнес және қонақ үй бизнесі – 16.

Қазір аттестациядан өтіп, сертификат алған түлектерді жұмысқа орналастыру жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама