×

Елордада әлемнің 800-ден астам шахматшысының басын қосқан халықаралық фестиваль басталды

«Астана жұлдыздары» фестивалі 19 шілдеге дейін жалғасады

 Гүлбаршын Нұрхан 11.07.2023 | 18:00
фотолардың авторы: Жансерік Күзембай

Елордада Астананың 25 жылдығына орай ұйымдастырылған «Астана жұлдыздары» халықаралық шахмат фестивалі басталды. Шараны көрнекті қазақстандық спортшы, шахматтан әлем чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы Динара Сәдуақасова басқаратын Шахмат академиясы өткізіп жатыр.

Фестивальде Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов сөз сөйледі. Ол елімізде спорттың, оның ішінде шахмат сияқты зияткерлік ойынның дамуына қолдау көрсетіліп, ілгерілеп келе жатқанын атап өтті.

Бұл шараға еліміздің жиырма өңірінен қатысушылар келіп жатыр. Сіздерге ризашылығымды білдіргім келеді. Қаншама қазақтың балаларын көріп қуанып жатырмыз. Ең алдымен балалардың ата-аналарына алғыс айтамыз. Біздің жастарымыздың әлеуеті өте зор, - деді министр.

Қонақтарды еліміздегі мыңдаған жас шахматшыларға, әсіресе спортшы қыздарға үлгі-өнеге болған Динара Сәдуақасованың өзі қарсы алды.

«Шахмат – бұл өнер, стратегия және интеллектуалдық жарыс қана емес, сонымен қатар пікір алмасу, дағдыларды жетілдіру және жаңа достар табу мүмкіндігі. Біздің фестиваль әлемнің 16 елінен 800-ден астам шахматшының басын қосты. Тіркелушілердің едәуір бөлігін балалар құрайды. Қазақстанда өте талантты және қабілетті шахматшылар бар, олар фестиваль кезінде рейтингтерін көтеруге, халықаралық шебер, FIDE шебері, халықаралық гроссмейстер нормаларын орындауға бірегей мүмкіндік алады. Бұл біздің еліміздегі шахматты дамытуға қосқан үлесіміз», - деді Сәдуақасова.

Фестиваль аясында төрт турнир өтеді: ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан кубогының кезеңі, әуесқойлар, балалар арасындағы бәсеке және блиц-ойын.

Қазақстандық шахматшыларға берілген керемет мүмкіндік – олар жарысты еркін тамашалай алады, тәжірибе жинақтайды, тіпті, кейбірі турнир кезінде фестивальге қатысатын 20-дан астам гроссмейстерлермен ойнай алады.

Фестивальдің жоғары мәртебеге ие болуы қатысушылардың деңгейіне ерекше мән береді. Америкалық шахматшы, гроссмейстер Ханс Моке Ниманн, армяндық гроссмейстерлер Шант Саргсян және Мануэль Петросян Астанадағы «рейтинг фавориттері» қатарында. Фестивальге қазіргі әйелдер арасындағы Азия чемпионы Дивья Дешмух та қатысуда. Үндістан, Израиль, Украина, Әзербайжан және басқа мемлекеттерден де мықты ойыншылар бар.

Әсерлі әрі қызу эмоцияға толы фестиваль кезінде, әсіресе жаңадан келген ойыншылар мен балалар үшін гроссмейстерлермен синхронды ойындар ұйымдастырылады.

Мен 13 жасымнан шахмат ойнаймын. Шахматпен айнасылуға ата-анам әсер етті. Менің інілерім де шахматпен айналысады. Жалпы шахмат маған қатты ұнайды. Ол математикаға өте жақсы көмектеседі, тіпті өмірде де пайдалы деп айтуға болады. Бүгінгі шара да жақсы өтіп жатыр, - деді фестивальге қатысушы Жанель Ыбырай.

Астана өтіп жатқан халықаралық фестивальді ұйымдастырушылардың бірі (Динара Сәдуақасованың анасы – авт.) Орал Махметқызы іс-шараның бір аптаға созылатынын айтты. 

Фестиваліміз бүгін басталды, бұл бір аптаға созылады. Шараға еліміздің түкпір-түркірінен қаттысушылар келіп жатыр. Бұл шара ұйымдастырылмас бұрын, Динараға өтініш айтып осындай халықаралық деңгейде шара ұйымдастыруды сұрады. Сондықтан біз жоғары деңгейде өткізу үшін бірнеше уақыт дайындалдық. Енді бәрі жақсы өтеді деп ойлаймыз, - деді Орал Махметқызы.

«Астана жұлдыздарының» ерекшелігі мен маңызы – «FIDE ұйымдастырушысы» (FIDE – халықаралық шахмат федерациясы, ұлттық федерацияларды біріктіреді) атағына арналған семинар. Мұндай іс-шара Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр.

Халықаралық арбитр, FIDE халықаралық ұйымдастырушысы, Канададан келген Вадим Цыпин лектор болады.

Оның айтуынша, семинарға қатысушылар әлемдік шахмат турнирлерін өткізудің барлық стандарттарын - үстелді орналастырудан бастап қатысушылардың ойын тәртібін және «алаяқтыққа қарсы» шараларға дейін біле алады. Семинар аяқтағаннан кейін біліктілігін арттырушылар емтихан тапсырып, барлық талаптарға сай халықаралық FIDE ұйымдастырушысының ресми мәртебесін алуға өтініш бере алады.

Фестиваль аясындағы барлық турнирдің жүлде қоры рекордтық сома – 40 миллион теңгені құрады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл қатысушылар үшін қосымша ынталандыру. Айта кету керек, бұл сома аясында арнайы жүлделер әйелдерге де, шахмат ардагерлері мен балаларға да қарастырылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама