Алматыда аса ірі көлемде ақша жымқырған мекеме директоры сотталды
Құны 134 млн теңгеден аса жер телімдері мен құрал-жабдықтар бұғатталды
Алматыда аса ірі көлемде ақша жымқырған мекеме директоры сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, ведомствоның Алматы қаласы бойынша департаменті «Almaty Kuat» ЖШС-ның директорына қатысты алаяқтық және аса ірі көлемде қаржыны заңдастыру (жылыстату) фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады.
Тергеу барысында анықталғандай, ЖШС директоры Алматы қаласының индустриалды аймағына қатысушы 10-нан аса шаруашылық жүргізуші субъектімен электр энергиясын жеткізу шартын жасасқан. Ол электр энергиясын тұтынушыларға, сондай-ақ өндіруші және жеткізуші ұйымдарға алаяқтық жолмен электр энергиясын тұтынғаны үшін төлем шоттарын жазып, 2 жыл бойы кәсіпкерлерге электр энергиясы үшін негізсіз ақы төлеткен. Осылайша, ол бюджетке жалпы сомасы 620 млн теңгеден аса шығын келтірген.
Одан әрі жедел-іздестіру шаралары барысында жоғарыда аталған ЖШС директорының мәмілелер арқылы қылмыстық жолмен алынған ақшалай қаражаттарды заңды айналымға түсіргені анықталды. Сот қаулысымен құны 134 млн теңгеден аса жер телімі мен құрал-жабдықтар бұғатталды.
Сот үкімімен ЖШС директоры кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, 6,5 жылға бас бостандығынан айырылды.