Арыстанбек Мұхамедиұлының әйелі пара беруге оқталған – Антикор
Экс-министрдің адвокаты Мұхамедиұлының әйелінен пара ретінде 460 мың доллар алған
Экс-мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты пара беруге итермеледі деген күдікке ілінді, деп хабарлады сыбайлас жемқорлыққа қарыс іс-қимыл агенттігі.
Антикоррупциялық қызмет тергеп жатқан қылмыстық істерді жедел сүйемелдеу аясында сот төрелігін іске асыру жөніндегі қызметке араласуға бағытталған аса ауыр жемқорлық қылмыстар жасалғаны анықталды.
Жасырын іс-шара нәтижесінде пара беруге оқталған Мәдениет және спорт экс-министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының жұбайы әшкереленді. Cондай-ақ аталғандардың мүдделерін қорғауды жүзеге асырған адвокат алаяқтық пен пара беруге итермелеу күдігімен ұсталды.
Арыстанбек Мұхамедиұлының қылмыстық жазасын жеңілдету және қамаудан босату сылтауымен қорғалушының жұбайынан сот органдарының лауазымды адамдарына беру үшін пара ретінде 460 000 АҚШ доллары сомасында ақшалай қаражат алған.
Тергеу амалдары барысында 255 000 АҚШ доллары көлеміндегі қаражат анықталып, тәркіленді. Қалған соманы ол өз қалауы бойынша жұмсағаны анықталды.
Айта кетейік, Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен Арыстанбек Мұхамедиұлы 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Экс-министрдің өкілі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Мұхамедиұлының жұбайы аса ірі көлемде пара беруге оқталу бойынша күдікті болып танылды.
ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне орай өзге ақпарат жарияланбайды.