Қаржы министрлігінде казино ойнаған қызметкерлердің кейбірі өз еркімен жұмысынан кетті
Кейбірі тәртіптік жазаға тартылған
Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев казиноға барып, құмар ойындар ойнаған Қаржы министрлігінің қызметкерлеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ведомство басшысы бұл мәселеге жауап бермейтінін ашық айтты.
«Бізде бұл мәселемен аппарат басшысы айналысады. Ол тікелей кадр мәселесіне жауап береді. Біз бұл мәселені тек заң аясында қарастырамыз. Қателеспесем, бізде 25 қызметкерге ақпарат болған. Біз барлығы бойынша тиісті шара қабылдаймыз. Оның ішінде өз еркімен жұмыстан кеткені, тәртіптік жазаға тартылғаны бар. Сондықтан біз әрбір қызметкермен жеке-жеке қызметтік тексеріс жүргізіп барып, шешім қабылдадық», - деді үкімет басшысының орынбасары.
Бұған дейін БАҚ-та құмар ойын ойнаған Қаржы министрлігінің 3 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылғаны хабарланған. Аталған министрлік Алматы облысы прокуратурасының мәліметін тексеріп, казиноға барған 25 қызметкерге тиісті шара қолданған:
- 7 қызметкер заңбұзушылық анықталғанға дейін жұмыстан шығарылды;
- 7 қызметкер құмар ойындар ойнамаған;
- 5 қызметкер мерзімнің өтуіне байланысты жауапқа тартылмаған;
- 3 адамның мемлекеттік қызметке қатысы болмаған;
- 3 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Айта кетейік, 2022 жылдың қазан айында әлеуметтік желіде Алматы облысы прокуратурасы жүргізген тексерістің нәтижесі жарияланды. Онда казиноға жиі барып тұратын 300-ден аса мемлекеттік қызметкер туралы жазылған.
- Түрлі мемлекеттік органдардың 305 қызметкері құмар ойындарға 507 млн теңге жұмсаған. Олардың арасында:
- Ішкі істер министрлігінің – 97 қызметкері,
- Қорғаныс министрлігінің – 95 қызметкері,
- Қаржы министрлігінің – 25 қызметкері,
- Антикор, Қаржы мониторингі агенттігі, Жоғарғы сот пен әкімдіктердің қызметкерлері де болған.