Заңсыз ойын бизнесі арқылы 3 млрд теңгеден аса пайда тапқан күдіктілер ұсталды

Динара Амантай

Ойындарға қатысу Telegram арнасында жарна төлеу үшін жасалған сілтеме арқылы іске асқан

Фото: Halyq Uni

Заңсыз ойын бизнесі арқылы 3 млрд теңгеден аса пайда тапқан күдіктілер ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, онлайн-казино түріндегі заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелген. Ойындарға қатысу сайттарда жарияланған Telegram арнасында жарна төлеу үшін жасалған сілтеме арқылы іске асқан. Төлем картшоттарға және электрондық әмиянға жіберілген. Оны толтырғаннан кейін ойындарға қатысу үшін логин мен пароль жасақталады. Бәс тігулер мен ұтыстар төлемі шетелдік тұлғалардың жеке шоттарына түсіп отырған.

Атырау, Ақтөбе және Ақтау қалаларының аумағында тінту жүргізіліп, оның барысында заттай айғақтар – ойын бағдарламалары бар ноутбуктер, шетелдік және Қазақстан азаматтарына берілген банктік қосымшалары бар телефондар алынды. Барлық 167 млн теңгенің жылжымалы және жылжымайтын мүлкіне тыйым салынды. Ұйымдастырушылар мен оған қатысы бар адамдарға тиесілі екінші деңгейлі банктердегі барлық шоттар бұғатталды.

Онлайн құмар ойындары тәулік бойы жүргізіліп, күнделікті айналымы шамамен 800 мың теңге болған. Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруға пайдаланылған шоттарға түскен қаражаттың жалпы сомасы 3 млрд теңгеден асады.

Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот оларға қатысты 2 ай мерзімге «қамау» бұлтартпау шарасына санкция берді.

ҚМА азаматтарды патологиялық құмар ойындарға тәуелділік – лудоманиядан қорғау жұмысын жалғастырады.