×

Еңбек министрлігі Қазақстанда қанша шетел азаматы жұмыс істеп жүргенін хабарлады

Шетелдік жұмыс күшінің көп бөлігі Қытай мен Өзбекстаннан келген азаматтар құрайды

 Халық үні 27.06.2023 | 10:01
Фото: ашық дереккөз

Елімізде 14,2 мыңнан астам шетел азаматы жұмыс істейді. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

2023 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты бойынша Қазақстан аумағында 14 286 шетел азаматы еңбек етеді.

Шетелдіктер еңбек ететін салалардың ішінде басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 537 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 713 рұқсат (екінші санат) берілген. Одан кейінгі орында мамандар (6 458 адам) және білікті жұмысшылар (803 адам) бар, – делінген ақпаратта.

Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1 826 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 1 950 адам тартылған.

Қазір Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 1 777 жұмыс беруші бар. Ол жерде 421,8 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96%-ы.

Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 5 386 адам (35%), ауыл, орман және балық шаруашылығы – 1 835 адам (10%), тау – кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 401 адам (10%), өңдеу өнеркәсібі – 1 007 адам (7%), кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 978 адам (7% ), - деп хабарлады министрлік.

Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер қатарында Қытай – 3 412  адам (24%), Өзбекстан – 1 884 адам (13%), Үндістан – 1 484 адам (11%), Түркия – 1 397 адам (10%) бар.

Айта кетейік, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі. 2023 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,24% немесе 22 260 бірлік мөлшерінде белгіленді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама