×

Еріктілер өнегелі істері арқылы қоғамды дамытуға зор үлес қосады – Тоқаев

Мемлекет басшысы Халықаралық волонтерлер форумына қатысты

 Халық үні 21.06.2023 | 12:49
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық волонтерлер форумына қатысты, деп хабарлады Ақорда.

Волонтерлік қозғалысты ұзақмерзімді грант беру арқылы ынталандыру керек. Бұл ретте мемлекеттік және жеке грант берушілер арасында тұрақты серіктестік орнатып, отандық және халықаралық донорлардың бір-бірімен нәтижелі ынтымақтастығын қалыптастыру маңызды, - деді президент форумда.

Айтуынша, волонтерлік және қайырымдылық істерді институттық тұрғыда қолдау инфрақұрылымын дәйекті түрде дамытқан жөн. Ол үшін волонтерлердің ұлттық және аймақтық деңгейдегі фронт-офисінің ұйымдастырушылық, техникалық және кадрлық әлеуетін күшейту қажет.

«Волонтерлік қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және ілгерілетуге ерекше назар аудару қажет. Маған еріктілер мен қайырымды жандардың «кең ауқымда ойла, соған сай әрекет ет» деген қағидаға сүйеніп жұмыс істейтіні ұнайды. Мен өзім еріктілерді барынша қолдаймын. Сіздердің табанды жұмыстарыңызды жоғары бағалаймын. Осы саладағы барлық бастамаларды қолдаймын», - деді Тоқаев.

Президенттің сөзінше, Қазақстандық волонтерлер Иордания, Кения, Тайланд және Түркия елдеріне арнайы барып, тәжірибе жинақтаған.

Осы тұста Қазақстан еріктілеріне қолдау көрсетіп жүрген БҰҰ өкілдеріне алғыс айтамын. Былтыр елімізде Орталық Азия волонтерлерінің алғашқы форумы өтті. Осындай маңызды шаралар алдағы уақытта да жалғасады, - деді мемлекет басшысы.

Сондай-ақ президент волонтер болу ең алдымен, патриотизмнің, яғни отаншылдықтың жарқын көрінісі екенін айтты.

«Бұл – адамгершілік құндылықтарын бәрінен жоғары қоятын жандардың өмір салты. Еріктілер өнегелі істері арқылы қоғамды дамытуға зор үлес қосады. Жанашырлық – қазақтың қанында бар қасиет. Халқымыз қиындыққа тап болған адамдардан көмегін аямаған. Ел басына күн туған қиын-қыстау сәтте «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара» білген. Қазақстанға жер аударылған талай этнос өкілдерін бауырына басып, барын бөліскен. Сондықтан, бүгінгі жиынның мақсаты халқымыздың болмысымен үндес екені сөзсіз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама