Ауылдарды су басты: Түркістан облысы жаңбыр салдарымен қалай күресіп жатыр
Бұған дейін Қазығұрт ауданында бес ауылды су басқаны белгілі болды
Түркістан облысында жаңбыр салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр.
Сарыағаш, Қазығұрт аудандарында толассыз жауған жауын әсерінен аула аумақтарын су басу жағдайы тіркелді. Қазір тұрғын үйлерді су басу қаупін болдырмау мақсатында ТЖД қызметкерлерінің көмегімен жаңбыр суын сору жұмыстары жалғасып жатыр, – дейді облыстық төтенше жағдай департаменті.
2022 жылғы 24 сәуірде Түркістан облысында қатты жауын-шашын салдарынан Қазығұрт ауданының 4 елді мекенінде, Сарыағаш ауданының 1 елді мекенінде 53 үй ауласына, 18 үй, 1 тойхана, 16 шаруашылық құрылыстың ішіне су кірген. Су басқан аумақтардан 50 адам эвакуацияланды. Барлығы туыстарының үйлеріне орналасты. Сондай-ақ үй жануарлары қырылған. Олардың саны анықталып жатыр.
«Аудандық өрт сөндіру бөлімі мен бекеттері, жергілікті ауыл әкімдіктердің ұйымдастыруымен су сорғыштар көшелер және үй аулаларына толған суды шығару жұмыстарымен айналысып жатыр. Төтенше жағдайлар департаментінің 56 қызметкері, 9 техникасы, 11 мотопомпасы, жергілікті атқарушы органдардың 19 қызметкері, 6 техникасы, 2 мотопомпасы күштерімен су сору, арықтарды тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар көшелер, үй аулаларын су басу фактісіне байланысты аудан әкімдігінің жедел желісі іске қосылып, тұрғындардан хабарламалар түскен жағдайда шұғыл іс-шаралар атқарылып жатыр», – делінген ақпаратта.
Осыған дейін Қазығұрт ауданында бес ауылды су басқанын хабарлаған едік.