×

Роман Скляр өртті сөндіруге туфлимен аттанған орманшы туралы: «Бәрін тексереміз»

Вице-премьер өрттің өршуіне жел әсер еткенін, орман шаруашылығы жағдайды дұрыс бағамдамағаны себеп болғанын айтты

 Дәурен Ерболат 13.06.2023 | 13:12
фото: ТЖМ

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Абай облысындағы алапат өртті туфлимен сөндіруге кеткен орманшыға қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жуырда Мемлекет басшысы шұғыл түрде Абай облысына барып, жұмыс сапары барысында өрттен қаза тапқан марқұмдардың туыстарына көңіл айтты. Сонда тұрғындардың бірі Президентке шағымынданып, әкесінің өртті сөндіруге туфлимен кеткенін айтты.

«Тіпті, оттегі маскасы да жоқ. Олар ыстық нүктеге барды. Ешқандай қорғаныс киімі болмады. Бұған қалай жол берілді? Оларды жұмыстан алып кетті. Менің әкем (өртті сөндіруге) туфлимен кетті. Оларға аяқ-киімін киюге де мұрша бермеді, асықтырды. Ауа райын ешкім бақылаған жоқ па? Жел соғып тұрғанда ол жаққа барудың қажеті жоқ еді. Рациялары да жұмыс істемейді, - деген еді ормандағы өрттен көз жұмған орманшының қызы.

Бүгін Үкімет отырысынан соң вице-премьер Роман Скляр тұрғынның шағымына қатысты тексеру жүргізілетінін атап өтті.

Қылмыстық іс аясында бәрі тексеріледі, яғни рация, арнайы киімдерінің болмағаны тексеріледі. Қостанай облысындағы өрттен сабақ алмадық деп айта алмаймыз. Материалдық-техникалық базадағы жұмысты күшейттік. Өрт желдің әсерінен бірден өршіп кетті. «Қазақстан ғарыш сапары» штаттық режимде жұмыс істеді. Бұл жағдай ТЖМ-де айтылды. Өрттің басталғаны туралы орман шаруашылығы да білді. Қайталап айтамын, жағдайды дұрыс бағаламады, - деді вице-премьер.

Айта кетейік, Абай облысындағы алапат өрттен 14 адам қаза тапты. Олардың бәрі орман шаруашылығының қызметкерлері.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама