×

«Өрт болса жарамайды»: Депутат елордада саябақтың орнына арнайы техника сатып алуды ұсынды

Ағаштардың 50 пайыздан астамы жерсінбей, қурап қалды

 Айнұр Шошаева 13.06.2023 | 11:20
Сурет: maslihat01.kz

Астанада отырғызылған ағаштардың 50 пайыздан астамы жерсінбей, қурап қалған. Мәслихат депутаты қалада саябақтар мен гүлзарларды салуды тоқтатып, орнына өртке қарсы арнайы техникаларды сатып алуды ұсынды, деп хабарлайды Halyq Uni

Cаябақ пен гүлзарларды салуды қою керек. Елордада олар онсыз да жеткілікті. Себебі қазір саябақтарда ешкімге қажеті жоқ әткеншектер, дүңгершіктер мен ағаштар көп. Ағаштардың 50 пайыздан астамы жерсінбей, қурап қалды. Одан да қаржыны төтенше жағдайлар департаменті мен полиция департаментіне қажетті арнайы техниканы сатып алуға бағыттайық, – деді депутат Азамат Айтхожин мәслихаттың бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында. 

Оның айтуынша, елорданың аумағындағы жасыл белдеудің техникалары аянышты жағдайда. 

«Астананың айналасындағы  жасыл белдеуді аралап шықтық. Өкінішке орай арнайы техниканың жағдайы аянышты жағдайда. Басым бөлігі 2004-2005 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан ЗИЛ-дар. Қазір жасыл белдеуге жаңа арнайы техникаларды сатып алу керек. Астана орманына жасыл белдеудегі ағаштарды отырғызу үшін қаншама қаржы жұмсалды. Бүгінде оны «елорданың тынысы» деп айтамыз. Өкінішке қарай қазір өрт бола қалса,  қазіргі қолданыстағы техникалар онымен күресе алмайды. ...Сондықтан бюджет қаржысын саябақтар мен гүлзарларды салуға бөле бермей, арнайы техникаларды сатып алуға шақырамын», – деп толықтырды депутат. 

Айта кетейік, елордалық мәслихат қалалық бюджеттің кезекті нақтылауына дайындықты бастады. Мәслихаттың тұрақты комиссиялары мемлекеттік органдардың бюджеттік өтінімдерін қарастырып жатыр. Астананың бюджеті шілде айында өтетін сессияда бекітіледі деп жоспарланып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама