Банкроттыққа өтініш беру талаптарын жеңілдету ұсынылды

Ербол Тұрымбет

Әуелде айтылған 1,1 млн адамнан 55 мыңы ғана өтініш берген

Коллаж: Halyq Uni

«Қазақстан азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң бойынша 3 наурыздан бастап несиесін төлей алмай, қаржылық жағдай әбден қиындаған азаматтар банкроттыққа өтініш бере бастады. Алайда содан бері үш ай өтсе де әуелгі айтылған меженің аулы алыс.

Tazalau платформасындағы соңғы мәлімет бойынша, 55 мыңнан астам өтініш берілген болса, соның тек 8 мыңнан астамында ғана банкроттық рәсімі басталған. Тағы 3 мыңнан астамы ғана қаралып жатыр. Ал 44 мыңнан астам өтініш кері қайтарылған.

Өтініш берушілердің ең көбі – Түркістан облысында. Онда 8 жарым мыңға таяп келеді. Соның тек шамамен 800-і ғана мақұлданған. Ал қанағаттандырылмаған өтініш саны 7200-ге жуықтайды.

Өтініші мақұлданғандар ішінде Алматы облысының үлесі бәрінен жоғары. Облыста барлығы 6 жарым мыңнан асса, мақұлданғаны мыңға жақындады.

Қаржы министрлігінің өкілдері осыған дейін өтініштердің кері қайтарылуының себебін атаған еді. Онда негізінен, өтініш берген адамдардың қарызы шекті көлемнен, яғни 1600 АЕК-тен асып отыр. Тағы бір мәселе, кейбір өтініш беруші жартылай банкроттыққа өткісі келеді, яғни олардың ипотека бойынша несиесін төлеп жатқаны анықталған. Көп жағдайда өтініш берген адамдардың меншігінде мүлік, автокөлік, жер учаскелері бар екені белгілі болған. Сайып келгенде, өтініштердің 70%-ы кері қайтарылып отыр.

Осы орайда, банкроттыққа өтініш беру талаптарын жеңілдету керек емес пе деген сұрақ туындайды. Себебі әуелде заң қабылданбай тұрып, шамамен 1,1 млн адамның банкроттыққа дайын тұрғанын мәлімдеген еді.

Осы заңның қабылдануына атсалысқан Мәжіліс депутаты Ирина Смирнованың айтуынша, шарттарын жеңілдету керек деген сөзді қолдайтынын айтады. Өйткені несие алудың үлкен зардабы бар. Пайыздары жоғары, кепілге мүлік қою керек, төлей алмай қалса, бүкіл есепшоттары жабылады. Бизнеспен де айналыса алмай, тіпті мемлекеттік бағдарламаларға қатысудан қалады. Осынша қатаң талаптардан соң банк те өз дегенін істеп, артынан коллекторларға сатып жібереді. Ал олардың талаптарына шыдау мүмкін емес. Сондықтан жұрттың банкроттыққа жаппай өтініш бере алмай жатуының себебін зерделеп қарау керек деген сөзді қоштайды.

Біз тіпті, осы заң жобасы қаралып жатқанда төлей алмаған мерзімін 6 ай көлемінде ұсынған едік. Өйткені, жарты жыл бойы төлей алмаған адам ары қарай да төлемейді. Ендеше оны созғылай берудің қажеті не деген сөз де болған. Бірақ жұмыс тобы оны қолдамай, 12 ай деп бекітілді, – дейді депутат.

Оның сөзінше, егер халық осы заңды қайта қарау керек десе, оған мүмкіндік бар. Соған орай, Үкімет те, депутаттың өз де заң шығару құқығына ие. Сондықтан егер жағдай мүшкіл болып тұрса, онда депутаттың өзі осыған қатысты қандай да бір заң жобасына бастамашы бола алатынын айтады.

Бізде мысалы, петиция өткізеді. Егер 50 мың қол жиналса, онда оны Үкімет қарайды. Ал Үкімет қарай бастаса, онда әйтеуір бір шешім қабылдайтыны белгілі. Сол сияқты азаматтар сенім артқан депутатына немесе партияға шықса, банкроттыққа қатыса алмай жатқанын дәлелдеп, нақты кедергілерін көрсетіп берсе, онда заң жобасына түзету енгізуге ұсыныс білдіре алады. Өзім мысалы, «Қазақстан халық партиясы» өкілімін, егер бізге келіп жатса, оны көтеруге дайынбыз, – дейді Ирина Смирнова.