Ол үшін демалыс орындарындағы қоғамдық тәртіпті қадағалау жұмыстарын күшейту қажет
Қазақстанда жағажайда ішімдік ішуге тыйым салу керек. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Әкімшілік шаралар қолдану арқылы жағажайда ішімдік ішуге жол бермей, тыйым салу керек. Ол үшін демалыс орындарындағы қоғамдық тәртіпті қадағалау жұмыстарын күшейту қажет. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, шағын көлемді кемелерді пайдалану барысын бақылау бойынша шаралар қабылдауға тиіс. Су қайығын қолдануда техникалық ақаудың кесірінен арты қайғымен аяқталған жағдайлар бар, - деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.
Ол жағажайдағы қауіпсіздік мәселесін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
«ТЖМ шомылу маусымында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша мүдделі мемлекеттік органдардың жұмысын нақты үйлестіруді қамтамасыз етіп, қоғамдық құтқарушыларды тарту шараларын күшейтуі қажет. Өңір әкімдіктері шомылу маусымына арналған іс-шаралар жоспарларының сапалы орындалуын назарда ұстауға тиіс. Осы мәселелерді үйлестіру Төтенше жағдайлар министрлігіне жүктеледі», - деп түйіндеді сөзін Үкімет басшысы.
Еске сала кетсек, бұған дейін жыл басынан бері 45 адамның суға кеткені хабарланған еді.