Елордада интернет сапасы жақсырды ма – Мусиннің жауабы

Дәурен Ерболат

Қалада базалық станциялар орнатылады

Фото: primeminister.kz

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Астанадағы интернет сапасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол қаланы аралағанын атап өтті.

Мен ЭКСПО ауданында болдым, интернет жақсарған. Хан Шатыр ауданында 2 базалық станция орнатылды, (интернет) жақсарып келеді. Алайда біз (байланыс операторына) қосымша айыппұл жазып, қосымша тағы екі ай бердік, - деді министр Үкімет отырысынан соң.

Бағдат Мусиннің пікірінше, интернет сапасын жақсарту үшін қалада базалық станцияларды орнату керек.

«Әкім кеше кеңес өткізді. Себебі  бізге әкімдіктен жер телімдері қажет. Бұл бағыттағы жұмыс күшейіп жатыр. Қазір учаскелер бөлініп, құрылыс басталады. Қаладағы Салтанат қақпасы (Триумфальная арка) аумағында да радиофобияға байланысты проблема бар. Қазір біз жер телімдерін анықтап жатырмыз. Оны өзіміз бөле алмаймыз», - деді ведомство басшысы.