×

Ақтөбеде 7 мыңға жуық оқушыға орын жетіспейді. Миллиард теңге жұмсалған жаңа мектептің құрылысы тоқтап тұр

Инфрақұрылымы жоқ жерде салынып басталған мектеп әлі қаңырап бос тұр

 Ербол Тұрымбет 20.04.2022 | 23:15
фото: Halyq Uni

Ақтөбеде жалпы құны 1,5 млрд теңгеге бағаланған мектеп ғимаратының құрылысы аяқсыз қалған. Жергілікті басшылық бұл мектептің құрылысын жыл сайын бітіреміз деп уәде етумен келеді.

Мәселені биыл да көтерген «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облысы филиалы өкілі Асылбек Байменовтің сөзінше, жаңа корпус 2019 жылдан бастап үздік оқушыларды, спортшыларды, дарынды балаларды қабылдауға тиіс еді.

Қазір мектепке бала бармақ түгілі ол төңірекке ел қоныстанып та үлгермеген. Өйткені, су, жол сынды инфрақұрылым жеткізілмеген. Бірақ соған қарамастан даңғарадай білім ошағы бой көтерген.

Жалпы жоба сонау 2017 жылы қолға алынып, құрылысы 2018 жылы басталған. Ашық дереккөздерге қарағанда, 2017 жылы «Ақтөбе қаласын дамытудың бас жоспары» негізінде «Шилісай-1» және «Шилісай-2» жаңа тұрғын алабында халықты белсенді түрде қоныстандыру жоспарланған. Осыған байланысты 3-5 жыл ішінде халық саны 3 мыңнан асады, оның ішінде мектеп жасындағы балалар саны мың жарымға жетеді деп болжанған. Осы қарқынмен әуелде 1,5 миллиардқа бағаланған құрылысқа 800 млн теңгеге жуық қаражат бөлінгенімен, кейінгі қаржыландыру тоқтап қалып, құрылыс та тұралаған.

Әйтсе де жобаны аяқсыз қалдырғысы келмеген облыс басшылары мектеп құрылысын былтыр жыл соңына дейін салынып бітіреміз деп тағы жариялады. Бірақ әу бастағыдай халық саны өседі, оқушы қатары көбейеді деген жоспар жайына қалып, мектептің бір жартысы 250 орындық интернатқа айналды. Өйткені, Шилісай елдімекенінде тұрғын үй құрылысы үшін барлығы 1200 жер телімі бөлінген. Оның ішінде 811 жер телімі «Шілісай-1» және 389 жер телімі «Шілісай-2» тұрғын үй алабында. Алайда қала әкімдігінің мәліметінше, екі Шилісайды қосқанда қазір 80 ғана үй бар. Ал ондағы жүздің айналасындағы оқушы көрші ауылдарға қатынап жүр.

Облыстық білім басқармасының басшысы былтыр «жаңа үлгідегі мектеп болады, барлық қажетті құрал-жабдықпен қамтылады, жаңа модификациялық кабинеттері бар» деп бір мақтаған.

Былтыр жыл басында жергілікті тұрғындармен кездескен қала әкімі Асхат Шахаров та құрылысқа қаражат бөлуге мүмкіндік бар екенін, мектеп міндетті түрде салынатынын айтып уәде берген. Ол уәдесі хаттамаға жазылған. Бірақ 2022 жылдың ІІ тоқсаны басталып кеткенімен, мектеп құрылысы сол күйі тұр. Жергілікті тұрғындар әкім уәде еткен - су, жол, балалар алаңқайы секілді шаралардың бірде-бірі орындалмағанын жергілікті тұрғындар айтып отыр.

Бүгінге дейін жалпы көлемі 1 млрд 446,3 млн теңге тұратын құрылыстың 1 млрд 196,3 млн теңгесі жаратылған. Қалған 250 млн теңгесін облыс басшылығы биыл қарастырып, құрылысты жылдың аяғына дейін пайдалануға беретінін жеткізді. Су құбыры әлі күнге жоспар күйінде тұрғандықтан 4 резервуар қоймақшы.

Айта кетейік, бүгінде Ақтөбе қаласындағы 24 мектепте 6 755 оқушыға орын жетіспейді. Ал облыста 5 мектеп үш ауысыммен, 4 мектеп апатты жағдайда бала оқытып жатыр. Жыр болған мектеп сол төңіректегі үш ауысымдық мектептердің мәселесін шешуге тиіс болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама