Ақтөбеде скутер жүргізген 16 жастағы бала жол апатынан қаза тапты (ВИДЕО)

Динара Амантай

Сотқа дейінгі тергеу басталды

Фото: видеодан скриншот

Ақтөбеде скутер жүргізген 16 жастағы бала жол апатынан қаза тапты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, кеше Ә.Жангелдин мен Д.Қонаев көшелерінің қиылысында Toyota автокөлігі мен скутер соқтығысқан. Скутерді 16 жастағы бала жүргізіп жүрген. Ол алған жарақаттарынан оқиға орнында қаза тапты.

Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Айта кетсек, бұл – қалада болған он күн ішіндегі екінші жағдай. 21 мамырда скутерді тізгіндеген 16 жастағы бала да көлікпен соқтығысып, жансақтау бөліміне түскен еді.