Қаңтарда қиратылған Елбасының ескерткіші сол күйі тұр (ФОТО)
Желі қолданушылары «қираған ескерткіштің қаңтар оқиғасының белгісі ретінде сол күйінде қала бергенін» жазып жатыр
Талдықорған қаласында болған қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктерден кейін қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Бірақ 2016 жылы Нұрсұлтан Назарбаевқа қойылған ескерткіш әлі қалпына келтіріліп, орнына қойылмаған.
Құлаған ескерткіші сол күйі тұр: тұғыры бөлек, ал табалдырық тасы төңкерілген күйінде әлі жатыр.
Талдықорған алаңындағы Нұрсұлтан Назарбаевқа қойылған ескерткіш 2016 жылы қараша айында орнатылды. Қоладан құйылған монументтің биіктігі - 8,5 метр. 5 қаңтарда жаппай тәртіпсіздіктер кезінде Елбасының ескерткіші қиратылды.
24 ақпанда Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев баспасөз мәслихатын өткізіп, Елбасыға қойылған ескеркішті қайта қалпына келтіру жайлы журналистердің сұрағына жауап берді.
Бұл сұрақ күн тәртібінде тұрған жоқ. Шынын айтқанда, жаңа ескерткіш жасамасақ, ескерткішті қайта қалпына келтіруге мүмкіндік жоқ. Быт-шыты шыққан, - деп қысқа қайырды аймақ басшысы.
Атап өтсек, 5 қаңтар күні Талдықорғандағы митинг кезінде Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші қиратылды. Белсенді Азамат Батырбаев ескерткішті бұзған 16 адамның қатарында болған. Қамауға алынған соң Батырбаевты тәртіп сақшылар азаптап, денесін үтікпен күйдірген. Ақпан айының ортасында Батырбаев өзін азаптағандарды таныған соң қылмыстық іс қозғалды. Наурыз айының басында Азамат Батырбаевты азаптаған полицей қамауға алынды.
Бүгін белгілі журналист Қасым Аманжол қаңтар оқиғасы кезінде қиратылған Талдықорғандағы ескерткіштің сол күйі жатқанын айтып, әлеуметтік желіде фотосурет жариялады. Желі қолданушыларының дені «қираған ескерткіштің қаңтар оқиғасының белгісі ретінде сол күйінде қала бергенін» айтып, жазбаға пікір қалдырып жатыр.