×

ДДҰ қазақ ғалымдары жылдап әзірлеген QazVac вакцинасын неге тіркемей отыр

Қазір отандық QazVac вакцинасы өндіріліп жатқан жоқ

 Айгерім Таубай 29.05.2023 | 16:25
коллаж: Halyq Uni

Елімізде коронавирус пандемиясына байланысты эпидемиологиялық ахуал тұрақтанды. Соған байланысты отандық QazVac вакцинасы өндіріліп жатқан жоқ. Бұл туралы Астанада өткен «Пандемия сабақтары: Қазақстан тәжірибесі» халықаралық форумы барысында «QazBioPharm» Ұлттық холдингі» АҚ бас директоры Ерғали Әбдірайымов айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Айта кетейік, «QazBioPharm» Ұлттық холдингі» АҚ 2021 жылы құрылды. Оның базасында отандық QazVac вакцинасы шығарылды.

Қазір холдинг құрамына 8 ұйым кіреді. Оның ішінде алтауы – ғылыми мекеме, екеуі – өндірістік орын. Ұлттық холдинг биофармацевтика, биоқауіпсіздік және өндіріс саласына басымдық беріп отыр.

«QAZVAC КОРОНАВИРУСТЫҢ ЖАҢА ШТАМЫНА ҚАРСЫ ТҰРА АЛАДЫ»

Эпидемиологиялық ахуалдың тұрақты болуына байланысты қазір QazVac вакцинасы өндіріліп жатқан жоқ. Әлемде коронавирусқа қарсы вакцина жасалып жатқан жоқ. Еуропада вакцинаны төртінші рет егу жоспарланып отыр. Қазақстанда оған қарағанда эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Тұрақтылыққа байланысты (қайта вакцина салуды) жоспарлап отырған жоқпыз. Егер эпидемологиялық ахуал өзгерсе, шұғыл шаралар қабылдауға  дайынбыз, - дейді Ерғали Әбдірайымов.

Айтуынша, бұған дейін коронавирустың жаңа штамдары алдыңғысынан көп өзгеріске ұшырамай пайда болған. Сол себепті QazVac вакцинасы омикрон штамынан да қауіпті вирусқа төтеп бере алады.

«Ғалымдардың зерттеуі бойынша коронавирус құрамы қатты өзгерген жоқ, тек нүктелі өзгерістерге ұшырап жатыр. Зертханадағы зерттеу бойынша QazVac құрамындағы вирус жаңа шыққан вирустарға толық әсер етеді. Ғалымдар мұнымен тоқтамай, «Дельта» және басқа да штамға қарсы дәріні әзірледі. Қажет болған жағдайда штамм құрамын өзгертіп, жаңа вакцина жасап шығаруға дайынбыз», - дейді «QazBioPharm» бас директоры.

Ерғали Әбдірайымовтың айтуынша, вакцинаны жаңа штамға сай етіп әзірлеуге екі айға жуық уақыт кетеді. Алайда денсаулық сақтау министрлігінің вакцинаны қабылдау мерзімі алты айға созылуы мүмкін. Себебі вакцинаны қабылдаудың белгілі бір тәртібі бар.

Қазір эпидемиологиялық жағдай қалпына келгендіктен, сынақтан өткізудің тәртібін сақтаймыз. Бұл жағдайда клиникалық зерттеу қажет болса, процесс алты айға дейін созылуы мүмкін. Ал процесті жылдамдату үшін заңнамалық өзгерістер қажет, - дейді ол.

Қазір Ұлттық холдингте 3 мыңға жуық маман жұмыс істейді. Ішінде 250-мың ғалым вакцина әзірлеу жұмысына жауапты.

«Отандық ғалымдар мен отандық денсаулық сақтау жүйесі қазір (келесі пандемияға) 100% дайын. Оны сенімді түрде айта аламыз. Өткен пандемия кезінде көп сабақ алдық. Халықаралық ұйымдар мен мемлекеттік мекеменің, денсаулық сақтау саласындағы ғалымдар мен дәрігерлердің байланысы ретке келді. Қойылған стратегия бар, соның арқасында болуы мүмкін пандемияға толық дайынбыз», - дейді Ерғали Әбдірайымов.

КЕЙ ҒАЛЫМНЫҢ ЖАЛАҚЫСЫ – 250 МЫҢ ТЕҢГЕ

«QazBioPharm» Ұлттық холдингі» АҚ бас директоры коронавирусқа қарсы вакцинаны әзірлеумен айналысып жатқан ғалымдардың жалақысы туралы да сұраққа жауап берді.

Ғылым саласындағы базалық, нысаналы және гранттық қаржыландыру бар. Ол жерде техникалық жұмысшылар мен ғалымдар бар. Вакцинаны өндіріп жатқан жоқпыз, алайда орташа есеппен техникалық мамандар 200 мың теңгеден жоғары жалақы алып отыр. Ғалымдардың ең төменгі жалақысы – 250 мың теңге, - дейді Ерғали Әбдірайымов.

Холдингтің бас директоры жалақының аз екенін де айтып өтті.

«Бюджетті өз қалауымызбен жұмсай алмаймыз. Республикалық комиссия және басқа да сарапшылар бар. Қаржыландыру бағдарламалардың қабылдануына байланысты бөлінеді. Әр үш жыл сайын жаңа бағдарламаны ұсынып, грант ұтып алып отырмыз», - дейді ол.

Айтуынша, холдинг жетекші халықаралық ұйымдармен тікелей жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да бар.

«QazBioPharm» – ғылым мен өндірістің байланысқан жері. Ғалымдардың негізгі әзірлемесін өндіріске енгізіп, соны коммерциялау арқылы экономикаға тиімді ету бойынша жұмыс істеп жатырмыз», - дейді холдингтің бас директоры.

Сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мамандары бірнеше рет «QazBioPharm» базасында барған.

...Денсаулық сақтау министрлігі қабылдаған жол картасы бар. Ол бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен, заңнамалық құжаттарды халықаралық стандарттарға сай етіп келтіруіміз керек. Екіншісі – біздің өндіріске қатысты халықаралық сарапшылардың тұжырымдамасы мен рұқсатын алуымыз керек. Үшінші мәселе – вакцина кеңінен қолданыста болуы керек.  Қазір эпидахуалға байланысты вакцинаның өндірісі азайды, бірақ басқа жұмыстарымыз жүріп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі халықаралық сарапшылардың қатысуымен құжаттарды дайындап жатыр, - деді Ерғали Әбдірайымов.

Айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мамандары бірнеше ұсыныс айтқан. Оның басым бөлігі заңнамалық құжаттарға байланысты.

Ерғали Әбдірайымов QazVac вакцинасын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының төтенше жағдайда пайдалануға болатын медициналық препарат деп әлі күнге дейін тіркемегенін зауыттың екінші кезеңінің құрылысы аяқталмағанымен байланыстырды.

Зауыттың екінші кезеңі аяқталмады. Қазір құрылыс жүріп жатыр. Ол жұмыстар жылдың соңына дейін аяқталады. Содан кейін оны валидациялық сертификаттаудан өткіземіз. Содан соң ғана құжаттаманы қажетті органдарға береміз, - деді Ерғали Әбдірайымов.

Жол картасы бойынша «QazBioPharm» холдингі биыл зауыттың құрылысын аяқтап, қолданысқа енгізеді. Зауыт Жамбыл облысында салынып жатыр.

ҮШ ВАКЦИНА ӨНДІРІСКЕ ЕНГІЗІЛЕДІ

«QazBioPharm» Ұлттық холдингі коронавирусқа қарсы вакцинадан бөлек ауыл шаруашылығына қатысты препарат әзірлеп жатыр.

«Ауыл шаруашылығына қажетті бірнеше препарат бар. Ол ауыл шаруашылығы министрлігіне үкіметтен бөлінетін қаржы аясында сатып алынады. Оның ішінде бір бөлігі бізде шығарылады, бір бөлігін сырттан импорттауға мәжбүрміз. Холдинг құрамына кіретін Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты және Қазақ ветеринария ғылыми-зерттеу институты базасында жүзден аса препарат бар. Соның 30-40 түрін біз шығарып жатырмыз. Яғни, отандық препарат.

Біреуі – құс тұмауына қарсы вакцина. Ол жоғары белсенділігін көрсетті. Келесі препарат – ірі қара малда кездесетін түйінді без індетіне қарсы препарат. 2016-2018 жылы індет Батыс өңірлерде кең тарап, кері әсерін тигізді. Тағы бір әзірлеме – аусылға қарсы препарат. Осы үш індетке қарсы дәрі-дәрмекті өндіріске енгізіп жатырмыз», - деді Ерғали Әбдірайымов.

Айтуынша, аусылға қарсы препаратты 2024 жылы отандық зауытта шығарылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама