×

Өскеменде 2,2 млн теңге айыппұлы бар жалған нөмірлі көлік жүргізушісі ұсталды

Іс сотқа жолданды

 Динара Амантай 23.05.2023 | 11:53
Фото: polisia.kz

Өскемен көшелерінде жалған нөмірмен жүрген көліктің 2 млн-нан аса теңге айыппұлы бары анықталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 19 мамырда «Буран-23» экипажы «Қорғау-Сергек» АБК базасы бойынша тексеру кезінде «Қауіпті жүргізуші» қосымшасы бойынша Lexus автокөлігін байқаған. Ол жол жүрісі қағидасын бірнеше рет бұза отырып, Сәтпаев даңғылында жоғары жылдамдықпен жүрген. Полицейлер аталған көлікке жалпы сомасы 2 млн 287 мың теңге болатын 46 айыппұл салынғанын анықтады.

Сол күні тәртіп сақшылары ЖБО бейнебақылау камераларының көмегімен КШТ ауданындағы үйлердің бірінің ауласынан мемлекеттік нөмірлері алынған автокөлікті тапқан. Тексеру барысында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері қаланың 29 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Тексеру кезінде азаматтың жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлері бар көлік құралын басқарғаны анықталды.

Жүргізуші ӘҚБтК 590-бабының 2, 3 және 4-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазір материал сотқа жолданды.

Автокөлік арнайы айыптұраққа қойылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама