Қарамағындағы қызметкерлерінің кесірінен аудан әкімі мен оның орынбасары жазаланды

Динара Амантай

Антикор тиісті ұсыныс берді

Фото: СЖҚА-ның Түркістан облысы бойынша департаменті

Түркістанда сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөніндегі кезекті жиын өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жиынға департамент басшысының орынбасары Д.Нарымбетов, облыс әкімі аппаратының басшысы Е.Алимкулов, облыстық әкімдік қызметкерлері, басқарма басшылары, бейнеконференция арқылы қала, аудан әкімдері мен әкімдік қызметкерлері қатысты. 

Ұсыныс Бәйдібек ауданы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысына қатысты тіркелген қылмыстық іс бойынша қаралды.

Ұсыныстың мән-жайы туралы департаменттің тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Д.Жұматаев аталған бөлімнің басшысына қатысты ҚР ҚК-нің 366-бабы 2-бөлімімен тіркелген қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілгенін, «Бәйдібек ауданы Ағыбет ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешеннің құрылысы» жұмыстарын пайдалануға қабылдау актісіне кедергісіз қол қою және жалпы қамқорлығы үшін кәсіпкерден пара алғаны туралы мәлімдеді.

Мәжілістің қорытындысымен ведомствалық бақылауды өз деңгейінде жүргізбей, қарамағындағы қызметкердің сыбайлас жемқорлық қылмыстық құқық бұзушылығын жасауына жол бергені және сыбайлас жемқорлыққа қарсы нақты іс-шараларды атқармағаны үшін Бәйдібек ауданының әкімі мен әкімнің құрылыс бөліміне жауапты орынбасарының тәртіптік жауапкершіліктерін қарау ұсынылды.