×

Енді жастарды құмар ойынға тартқандар жауапқа тартылуы мүмкін

Заңға түзету енгізу мәселесі пысықталып жатыр

 Дәурен Ерболат 16.05.2023 | 14:45
Фото: 0642.ua

21 жасқа толмаған қазақстандықтарды құмар ойынға тартқандар жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов депутаттардың сауалына жолдаған жауабында айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Руслан Берденов лудомания мәселесін көтеріп, букмекерлік кеңселердің жарнамасына тыйым салуды ұсынған еді.

Мен әлеуметтік желідегі парақшамда біраз жылдан бері осы мәселені көтеріп жүрмін. Кешегі күннің өзінде 2 мыңға жуық хат келді. Оның мыңнан астамы – өзіне қол жұмасағандардың туыстары, жақындары, достары… Сондықтан букмекерлік кеңселердің қызметіне барлық ақпараттық алаңда (ТВ, радио, сыртқы жарнама, билбордтар және тағы басқа) жарнама жасауға толық тыйым салуды ұсынамын, - деген еді ол.

Әлихан Смайылов Мәжіліс депутаттары «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» екі заң жобасына бастамашылық жасағанын жеткізді.

Оның шеңберінде банктерге және төлем жүйелеріне ойын бизнесін шетелдік ұйымдастырушылардың заңсыз қызметі кезінде қаржы операцияларын жүргізуге тыйым салуды белгілеу, БАҚ-та букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасын шектеу, ақпараттық-телекоммуникациялық желілерді, оның ішінде интернет желісін, байланыс құралдары мен лотерея терминалдарын пайдаланып, лотерея билетін таратуға тыйым салу, 21 жасқа дейінгі адамдарды құмар ойынға тарту және бәс тігу үшін заңды тұлғалардың әкімшілік жауапкершілігін белгілеу бойынша және басқа түзетулер көзделген, - деп жазылған Үкімет басшысы жіберген хатта.

Премьер-министр бүгінде аталған заң жобаларына әзірленген Үкімет қорытындыларының жобаларын Мәдениет және спорт министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, пысықтап жатқанын жеткізді.

«Осы мәселелердің маңызын ескеріп, оны шешу бағытында Үкіметпен қатар, қоғам өкілдері және депутаттық корпус атсалысуы қажет деп санаймыз. Үкімет сіздермен бірге заң жобалары шеңберінде ойынға тәуелділікке қарсы тұру бойынша нақты ұсыныстарды талқылауға дайын екенін білдіреді», - деді Әлихан Смайылов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама