Алаяқтар «таңқурай өсіруге» 800 млн теңгеден аса субсидия рәсімдеп алған

Динара Амантай

Аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалды

Фото: Halyq Uni

Жамбыл облысында 800 млн теңгеден аса ауыл шаруашылығы субсидияларына жалған шот-фактура жазып берген алаяқтар ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

ҚМА Жамбыл облысы бойынша департаменті шаруа қожалықтарының реквизиттері мен құжаттарын пайдалана отырып, тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді орындамай, шот-фактуралар жазып берген бірқатар тұлғаларға қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр.

Жалған шот-фактуралар субсидияланатын таңқурай түрлерін жеткізуге жазылып, кейін шаруа қожалықтарының атынан субсидиялар алуға электронды өтінімдер берілген. Тексерулер нәтижесінде фермерлерде таңқурай егістік алқаптары жоқ болып шықты. Аталған азаматтар мемлекеттен 800 млн теңгеден астам сомаға субсидия алған.

Аталған дерекке қатысты алаяқтық бойынша 4 қылмыстық іс тіркелген.