×

Журналистерге қысым жасалып жатыр ма – ІІМ жауабы

Ішкі істер министрі заң бұзған адам тиісті жауапқа тартылуы керегін айтты

 Дәурен Ерболат 10.05.2023 | 11:00
көрнекі фото: Halyq Uni

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан журналистерге қысым жасалуына қатысты Ішкі істер министрі Марат Ахметжановқа сұрақ қойды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Қазір қоғам белсенділеріне қатысты іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Әрине, тәртіпті бұзғандар әртүрлі жағдайда заңмен жауап беруі керек. Бірақ жекелеген журналистердің қызметіне қатысты түрлі әрекеттер жасалып жатыр. Өткен аптада Еренғайып Қуатаев деген азамат – талантты журналист, Бостон, Лондон, Токио марафондарында жүгірген. Осы жолы оны Алматыдан ұшып келіп, Қарағандыға бара жатқан жерінен ұстап алып, 4,5 сағат ұстап, қолында із алған. Оның саясатқа қатысы жоқ. Бұған қатысты әртүрлі мысалдар бар», - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Депутат «шаш ал десе, бас алатын» полиция өкілдері туралы да айтты.  

Осының барлығын жуып-шайып, түрлі қоғамдық пікірлер тудырып, кейде Ішкі істер министрлігі қызметкерлерінің «шаш ал десе, бас алып» кететін артық қадам жасайтын жағдайлары бар, - деді Жанарбек Әшімжан министрге.

Марат Ахметжанов бұл мәселені тексеру керектігін атап өтті.

«Әр деректі жеке қарау керек. Егер сол жерде тиісті заң бұзу болса, ол тиісті жауапкершілігін алуы керек. Бір-бірімізге бәле жаппай, егер ол кінәлі болса, жазасын алады. Біз құқықтық мемлекет болғандықтан заң аясында жұмыс істеуіміз керек», - деді министр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама