×

Сыр өңірінде бірқатар ауыл жұрты жаңа үлгідегі жарық есептегіш құрылғының жұмысына күмәнмен қарайды

Олар үйіне бұрынғыдай жарық есептегіш құрылғысын орнатып беруді талап етіп отыр

 Халық үні 15.04.2022 | 10:40
көрнекі фото: yandex.ru

Қызылорда қаласының іргесінде орналасқан Сабалақ, Киров, Наурыз және Ақжарма секілді елді мекен тұрғындарына осыдан бірнеше жыл бұрын құрылған заманауи жарық есептегіш құрылғысы (счетчик) тиімсіз болып отыр.

2020 жылдан бастап аталмыш ауылдарға соңғы үлгідегі «Alfa Smart AS100» маркалы жарық есептегіш құрылғы орнатылған. Заманауи қондырғының ерекшелігі - бұрынғыдай үйдің айналасындағы қолжетімді жерге емес, көше бойындағы тоқ сымдары тартылған бағаналардың ұшар басына бекітілген. Яғни, құрылғыдағы көрсеткішті арнайы техникасы бар мамандар болмаса, қарапайым адамдар көре алмайды.

Әу баста жаңа үлгідегі қондырғының орнатылуына қарсылық болғандары саны аз болмаған. Дегенмен, тұрғындардың бұл талабы ескерілмей, жаңа құрылғы іске қосылған. Содан бері екі жылдай уақыт өткенімен, тұрғындар оның тиімсіздігі жиі айтады.

«Бұған дейін жарыққа 5000-6000₸ төлеп келсек, жаңа үлгідегі құрылғы орнатылғалы бері 10 мыңнан 30 мың теңгеге дейін ақы төлеп жүрміз. Бұл соманың қайдан шығып жатқанын білмейміз. Себебі, жарық есептегіштегі көрсеткішті өз көзімізбен көре алмаймыз. Бағана басына ілінгендіктен оған көз жетпейді. Бұл халықты қанау деп білеміз. Қымбатшылық қыспаққа алып тұрған шақта бұл жығылған үстіне жұдырық болды», - дейді ауыл тұрғындары.  

Ауыл тұрғындары жарыққа төлеп отырған ақысының мөлшеріне күмәнмен қарайды. Сондықтан, үйлеріне бұрынғыдай жарық есептегіш құрылғысын орнатып беруді талап етіп отыр.

Ал жауапты мекемедегілер жаңа үлгідегі жарық есептегіш құрылғысын орнату барлық заңдылықтарды сақтай отырып орнатылғанын, бұрынғысына ауыстыруға еш негіз жоғын алға тартты.

Ербақыт Жалғасбаев, Қызылорда облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама