Басы дауға қалған депутат партия қатарынан да шығып қалды
Amanat партиясы атынан сайланған депутат бұған дейін мандатын қайтару туралы шешім қабылдаған еді
Осыдан бірнеше күн бұрын Алматы қалалық мәслихатының депутаты Анна Башинская Украина президенті Владимир Зеленскийге «кеңес» беріп, көпшіліктің ашуын туғызды. Депутат Deutsche Welle басылымының Facebook парақшасындағы жазбасына «Зеленский мырза, дұрысы Түркия! Ол жақта жыл бойы жылы» деген пікір қалдырған.
Анна Башинская сол пікірінен кейін Facebook парақшасында көпшіліктен кешірім сұрап, Украина президентінің мәлімдемесіне ойланбай пікір қалдырғанын айтты. Сондай-ақ жіберген қателігі үшін партияластарынан кешірім сұрап, депутаттық мандатып қайтару туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.
Бүгін басы дауға қалған Анна Башинскаяның Amanat партиясы қатарынан да шығарылғаны белгілі болды. Бұл туралы Мәжілістегі Amanat фракциясының жетекшісі, партияның атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Анна Башинская партия мүшелігіне жаңадан келген. VIII шақырылымда мәслихатта депутат болдыған. Иә, абайсызда қателікке жол берді. Оны мойындады. Әлеуметтік желіде пікірін білдірді. Мандатын өткізу туралы шешім қабылдап, депутаттықтан кетті, - деді Елнұр Бейсенбаев.
Фракция жетекшісінің пікірінше, мәслихат депутатының әрекетінен кейін Amanat партиясының репутациясына нұқсан келмеген.
Партия халықаралық істерге араласпайды. Біз өзге президенттің мәлімдемесіне пікір білдірмейміз. Бұл – тікелей Amanat партиясының позициясы, - деді партия хатшысы.
Фракция жетекшісі Анна Башинскаяның депутаттық мандатын өткізіп қана қоймай, партия қатарынан да шығарылғанын атап өтті.