Дәурен Макин апелляциялық сотқа шағым түсіргелі жатыр
Астанада суретші Дәурен Макин 7 жылға сотталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Сот оны «терроризмді насихаттау» әрекеті бойынша кінәлі деп таныды. Бұл туралы суретшінің әкесі Асқарбек Макин айтты.
Сот үкімі шықты, 7 жыл берді. Ешқандай кінәсі жоқ адамға 7 жыл берді. Апелляцияға берейін деп жатырмыз. 10 сарапшының 8-і Дәуреннің сөзін сөйлеп отыр. Екі сарапшы екі түрлі сөйлеп отыр. Бір жерде Дәуреннің сөзін сөйлесе, енді бірде қарсы сөйледі, - дейді Асқарбек Макин.
Айта кетейік, бұған дейін Асқарбек Макин Алматыдан Астанаға келіп, Halyq Uni тілшісіне сұқбат берді.
Дәурен Макинге қылмыстық кодекстің 256-бабы 2-бөлігі бойынша айып тағылған. Бұл бапта адамның қызмет бабын пайдаланып, БАҚ немесе телекоммуникациялар желісі арқылы терроризмді насихаттау әрекеті көрсетілген. Сондай-ақ бұл әрекетті алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасағаны айтылғаны айтылды.
Мен еңбек адамымын, 55 жыл өндірісте жұмыс істедім. Әйелім – мұғалім. Екі ұлым бар. Бірі – Дәурен. Астанада жұмыс істеді. Ұлым Алматыда, одан кейін Ресейде өнер академиясын тәмамдаған. Ол атақты суретші. Салған суреттері Астанадағы музейлерде тұр. (...) Бәрі тоғыз ай бұрын басталды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінен 11 адам келіп шеберханасында сурет салып отырған жерінен қолын қайырып алып кеткен, - дейді Асқарбек Макин.
Оның айтуынша, бұған Дәурен Макиннің отбасындағы жанжал себеп болған.
АБАЙДЫҢ АЛЫС ТУЫСЫ...
Асқарбек Макин – қазақ ақыны Абай Құнанбаевтың алыс туысы.
Абаймен бір атаның баласымыз. Ырғызбай атамыздың төрт баласы болған: Өсер, Өскенбай, Мырзатай және Жортар. Өскенбайдан Құнанбай, одан Абай тараған. Біз Өсерден тараймыз. Өсердің ұлы – Жармағамбет. Одан менің атам Мақа туған, - дейді Асқарбек Макин.
Ақсақал Абайдың туысы екенін осы уақытқа дейін пайдаланбағанын айтты. Бұл жағдайда да ақиқатқа қолда бар дәлелдер арқылы жеткісі келеді.