×

Есірткі тасымалының 8 халықаралық және 14 өңірлік арналары жойылды – ҰҚК

Жыл басынан бері есірткі құрылымдарының 67 қатысушысы ұсталды

 Динара Амантай 27.04.2023 | 10:21
Фото: ҰҚК баспасөз қызметі

Ұлттық қауіпсіздік комитеті жыл басынан бері есірткі қауіпіне қарсы іс-қимыл бойынша бірқатар жедел-іздестіру іс-шараларын жүзеге асырды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, есірткіге қарсы 47, оның ішінде Ресей, Қырғызстан және Австралияның құзыретті органдарымен бірлескен операциялар жүргізілген. Есірткі тасымалының 8 халықаралық және 14 өңірлік арналары жойылды.

Атап айтқанда, Ауғанстаннан Қазақстанға контрабандалық жолмен 5 келі героин және 48 келі метамфетамин жеткізуді ұйымдастырған шетелдік азамат ұсталды. Ауған опиаттарын есірткі трафиктерін қалыптастыру елдерінен Қазақстанға контрабандалық жолмен тасымалдауға қатысы бар есірткі тобы әрекетінің жолы кесілді. 1 келі героин, 2 келі апиын және 14 келі гашиш тәркіленді.

Каспий су айдыны арқылы Ираннан Қазақстанға опиаттарды жеткізудің тұрақты арнасы жойылды. Жылдам қайықтарды пайдаланып, контрабандалық жолмен 30 келі апиын және 100 метадон таблеткаларын жеткізген 4 шетелдік ұсталды.

Биыл бірінші тоқсанның өзінде 8 ауқымды есірткі зертханасы жойылды. Заңсыз айналымнан 73 келі «мефедрон» және 223 келі «α-PVP» психотроптық заты алынды. Егер бұрын синтетика өндірісі Алматы және солтүстік облыстарға тән болса, бүгінде олардың орналасуы біртіндеп басқа өңірлерге таралып жатыр. Мысалы, Түркістан облысында көрші елдердің есірткі нарығына жеткізуге арналған психотроптық заттардың шетелдіктер ұйымдастырған ауқымды өндірісінің әрекеті тоқтатылды. Сондай-ақ Шымкент қаласы мен Жамбыл облысында өз өнімдерімен ішкі есірткі нарығын қамтамасыз етіп келген ірі есірткі зертханалары табылды. Аталмыш «дизайнерлік есірткілерді» өндіру алаңдарының орналасуы мен сатылуы бойынша еліміздің мегаполистері әлі күнге дейін алдыңғы қатарда.

Жыл басынан бері есірткі құрылымдарының 67 қатысушысы ұсталды. Заңсыз айналымнан 483,2 келі психотроптық заттар, 11 келі героин, 32,8 келі апиын, 63,7 келі гашиш, 41,6 келі марихуана және 17 тоннадан аса көкнәр шикізаты, сондай-ақ 22 тоннадан аса химиялық реагенттер алынды.

ҰҚК есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл бойынша іс-шараларды күшейтілген режимде жалғастырып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама