Алматыда 5 адамды атып өлтірген Игорь Дужновтың түрмедегі тәртібі айтылды

Айгерім Таубай

Оқиға Ақбұлақ шағын ауданындағы үйдің ауласында болған

коллаж: Halyq Uni

Алматыда 2021 жылы бес адамды атып өлтірген Игорь Дужнов жазасын «Қара бүркіт» колониясында өтеп жатыр.

Дужнов қылмыстық кодекстің 6 бабы бойынша кінәлі деп танылып, 2022 жылдың 26 сәуірінде өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

Halyq Uni ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне ресми сауал жолдап, сотталған Игорь Дужновтың түрмедегі тәртібі туралы сұрады.

Қостанай облысындағы «Қара бүркіт» аталып кеткен мекемеде 180 сотталушы жазасын өтеп жатыр. Оның ішінде түрмеге 11 адам былтыр түскен. Комитеттің хабарлауынша, Дужнов түрмеге жеткізілген уақыттан бері тәртіп бұзбаған.

Игорь Иванович Дужнов жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзған жоқ, - делінген ресми ақпаратта.

Бұған дейін «Арқанкерген» шекара бекетіндегі қайғылы оқиғадан кейін өмір бойына сотталған Владислав Челахтың түрмеде екі рет тәртіп бұзғаны хабарланды. Сондай-ақ алматылық адамжегіш – сотталған Евгений Турочкин жазасын өтеудің белгіленген тәртібін бұзғаны айтылды.

«АҚБҰЛАҚ» ОҚИҒАСЫ

2021 жылдың 20 қыркүйегі кешке Алматы тұрғыны Игорь Дужнов отбасын үйден шығаруға келген адамдарға оқ атты. Бес адам оқиға орнында қайтыс болды. Оның ішінде екі полицей, бір сот орындаушысы, үйдің жаңа иесі мен оның өкілі бар. Оқиға Ақбұлақ шағын ауданындағы үйдің ауласында болған.

Күдіктінің отбасына тиесілі тұрғын үй банкке қарызы бойынша үшінші тарапқа сатылған. Үйдің бұрынғы иесі сот шешімімен келіспей, үйді босатқысы келмеген.

Тергеу Дужновтың ауласына кірген адамдарды қабырғаға қаз-қатар тұрғызып, бірінен соң бірін атқанын анықтады. Содан кейін ол көшеге шығып, сол жерде тұрған полиция қызметкерлеріне оқ жаудырған. Бірақ олар көліктің артына жасырынып үлгерген, олардың бірі оқ жаудырған адамның қаруын тартып алды.

Жалпы алғанда Дужнов карабиннен 10 рет оқ атқан, оның ішінде тоғызын сегіз секундта атты.

Сотта соңғы сөзін сөйлеген Игорь Дужнов әстеген әрекеті үшін өкінбейтінін, кінәсін мойындамайтынын айтты. Ол өзіне қатысты тергеудің біржақты жүргізілгенін айтып, айыптаушы тарапты заңды өзіне ыңғайлы түрде қолданды деп айыптады.