Қаладағы 16,7 мың нысанға сейсмикалық аудит жүргізіледі
Алматының жаңа бас жоспарының басым міндеті – қаланың сейсмикалық қауіпсіздігін арттыру. Бұл туралы Алматы қаласы мәслихатының сессиясында қала әкімінің орынбасары Асқар Әмрин мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
2017-2018 жылдары ҚазҚСҒЗИ АҚ қаланың 10 158 объектісіне сейсмикалық төзімділікке баға беру бойынша паспорттау жүргізіді. Нәтижесінде 3 087 нысанның сейсмикалық қауіпті екені анықталды.
Енді биыл қаланың 16,7 мың объектісіне жаңа сейсмикалық аудит жүргізу жоспарланған.
Осы паспорттау қорытындысы бойынша қаланың аса қауіпті және қауіпсіз объектілері көрсетіледі. Сондай-ақ жер сілкінісі тәуекелдерін басқару, жер сілкінісі салдарының алдын алуды ұйымдастыру, ғимараттарды сейсмикалық күшейту және жер сілкінісіне төзімділік нормативтерін қатаңдату жөніндегі іс-қимыл жоспары әзірленеді, - деді қала әкімінің орынбасары.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы қаласына жасаған сапарында премьер-министр сейсмикалық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударды.
Оның айтуынша, Түркия мен Сирияда болған табиғи апаттар біздің еліміз үшін, әсіресе Алматы үшін үлкен сабақ болуға тиіс. Ол соңғы рет қаладағы нысандарды паспорттау 2017 және 2018 жылдары жүргізілгенін атап өтті. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі мен қала әкімдігі бірлесіп, қысқа мерзімде аудит жүргізіп, сейсмикалық қауіпсіздікті күшейту жөніндегі пәрменді шараларды іске асыруға тиіс.