Halyq Uni логотип
×

«Ұйықтап отырады»: Гүлмира Сатыбалдының адвокаты судьяны ауыстыруды сұрады

Адвокат судьяны оятуы үшін сот отырысындағы хатшыға бірнеше рет хабарлама жіберілгенін айтты

 Айгерім Таубай 18.04.2023 | 18:20
«Ұйықтап отырады»: Гүлмира Сатыбалдының адвокаты судьяны ауыстыруды сұрады
Фото: Halyq Uni

Астанада Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыға қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі өтіп жатыр. Гүлмира Сатыбалды адам ұрлау және өзінше билік ету бабы бойынша айыпталып отыр.

18 сәуірде өткен сот отырысында Сатыбалдының адвокаты Әсемгүл Даниялова істі қарап жатқан Байқоңыр ауданы сотының судьясы Кемеңгер Имашевті ауыстыруды сұрады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Біздің тарап судьяны ауыстыруды сұрайды. Гүлмира Сатыбалды сот отырысы барысында судьяның көзін жұмып, істің мән-жайына енбей, процесте ұйықтап отыратынын байқап жүр. Оның ішінде Сатыбалдының ұл-қызы мен туыстары да сот тарапының немқұрайлық танытып отырғанын көруге мәжбүр. Оның қызы (Гүлмира Сатыбалды – авт.) Аружан Қайрат іс бойынша қорғаушы болып келеді және ол сот залында отыр. Алайда оған сөз берілмейді, пікірін сұрамайды. Ол судьяны оятуы үшін сот отырысындағы хатшыға бірнеше рет хабарлама жіберуге мәжбүр болды, - деді адвокат Даниялова.

Гүлмира Сатыбалдының адвокаты судьяның Рамазан айында ораза тұтып жүрген болуы мүмкін екенін де айтты.

«Мүмкін судья ораза тұтып жүрген болар, мұндай жағдайда физикалық түрде процеске қатысу да қиын болатын шығар. Алайда Сатыбалды өзінің тағдыры судья Имашевтің қолында екенін біледі. Гүлмира Сатыбалды ұзақ уақыт бойы үндемеді. Жағдай реттеліп, судья процестің мән-жайына зер салады деп үміттенді. Сатыбалды оның ісінің саяси мәні бар екенін, ал өзінің тағдыры мен өзіне қатысты үкімді жоғары тұрған инстанция айқындайтынын түсінеді. Соған қарамастан Қазақстан азаматы ретінде істі бейтарап соттың қарауын сұрауға және толыққанды қорғалуыға құқылы. Сот залында оның балалары мен туытсары заңсыздықты көріп отыр», - дейді адвокат.

Төрешіге қарсылықты Байқоңыр ауданының №2 сотының судьясы Нұрлан Баяхметов қарады. Алайда ол судьяны ауыстыруға келіспеді.

ГҮЛМИРА САТЫБАЛДЫ ІСІ

Гүлмира Сатыбалдыға қылмыстық кодекстің 389-бабының 3 және 4 бөлігі (өзінше билік ету), 28-бабының 3-бөлігі 1 және 8 тармағы (адамдарды пайдалану арқылы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам орындаушы деп танылады), 125-бабының 2-бөлігінде (адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы және пайдакүнемдiк ниетпен адамды ұрлау) көрсетілген қылмысты жасады деген айып тағылған.

Айыптау актісіне сәйкес, 2020 жылдың қыркүйегінде Сатыбалды Алагөзовке тиесілі акциялар пакетін заңсыз иемденген. Содан кейін Сатыбалды Мекешеваның меншігіндегі «Maxi Bottlers» үлесінің 75%-ын басқа сенімді тұлғаға қайта жазуды тапсырған. Алайда алдын ала уәде берген компания акцияларының 5%-ын Мекешеваға беруден бас тартқан.

Содан кейін Сатыбалды Мекешеваның өз еркімен акцияны жазып бермейтінін түсініп, оны ұрлау әрекетін ұйымдастырған. Мекешеваны ұрлап әкетуді жеке көмекшісі Батыршаевқа тапсырған. Ал Батыршаев бұл іске өзінің үш танысын тартқан.

Іс бойынша үш сотталушы бар. Олар: Гүлмира Сатыбалды, Мади Батыршаев және Рашид Өтебеков.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама