×

Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда төрт снайпер болған

Бұған дейін тәртіпсіздіктерге 12 қылмыстық топ қатысқаны айтылды

 Айнұр Шошаева 11.04.2022 | 15:20
фото: ашық дереккөзден

Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік кезінде Алматыда төрт снайпер жұмыс істеген. Бұл туралы Бас прокуратураның 1 қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, арнайы прокурорлар сот молекулярлық генетикалық сараптама нәтижесінде Алматыда қаза тапқан снайпердің кім екенін анықтады.

Барлығы 4 оқ атушы болды. Қаза тапқанның мәйітін жақтастары өздерімен бірге алып, қалалық аурухана маңында қалдырып кеткен. Кейін ол қалалық мәйітханада анықталды.  Ол «С» есімді азамат болып шықты. Қаңтар оқиғасы кезінде ол тұрғын үй төбесінде орналасып, Алматы қаласы полиция департаментінің қызметкерлеріне оқ атқан, - деді Қилымжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Қазір қалған 3 террористі анықтау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүріп жатыр.

Бұған дейін қаңтардағы тәртіпсіздіктерге 12 қылмыстық топ қатысқаны белгілі болды.

2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері көз жұмып, жарақаттанды. Ғимараттар, көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама