×

Қаңтардағы тәртіпсіздіктерге 12 қылмыстық топ қатысты – Бас прокуратура

Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру және қатысу бойынша 547 адам күдікті ретінде танылып, олардың 269-ы қамауда отыр

 Айнұр Шошаева 11.04.2022 | 15:00
коллаж: Halyq Uni

Қазақстанда қаңтар айындағы жаппай тәртіпсіздіктерге 12 ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысқаны анықталды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бас прокуратураның 1 қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

«Арнайы прокурорларм жаппай тәртіпсіздіктерге 12 ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысқанын анықтады. Олардың ішінде ең белсенділері Жұмагелдиев («Дикий Арман»), «Қазақстандықтар» және «Айшуақ-Жантүгел» топтары болды.  Ұйымдасқан қылмыстық топтың 23 мүшесі қамауға алынды. Оның ішінде 4 қылмыс авторитеті бар», - деді Қилымжанов. 

Оның айтуынша, қазір жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және қатысу бойынша 547 адам күдікті ретінде танылып, олардың 269-ы қамауда отыр. 

«Алматы қаласында биылғы 25 наурызда «Ш» есімді азамат қамауға алынды. Ол «қайғылы қаңтар» кезінде «Анна» қару дүкенінен винтовканы жымқырып, әуежайға, полиция департаментіне және Алматы қаласы Алмалы ауданының полиция басқармасына шабуыл жасады», - деп қосты ол. 

Сондай-ақ прокурор орынбасары 4 сәуірде Алматы қаласы әкімдігінің алдында жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырғаны үшін Алматы облысының 10 тұрғыны ұсталғанын айтты. Бұған қоса Шымкент қаласында жаппай тәртіпсіздіктерді қаржыландыру және 5 қаңтарда қала әкімдігі мен полиция департаментіне шабуыл жасау кезінде қолданылған арматураны, тастарды және «Молотов коктейльдерін» жеткізуді ұйымдастыру күдігі бойынша «С» есімді азамат ұсталды. 

Шымкент қаласы алаңында жаппай тәртіпсіздіктердің 52 қатысушысы анықталды. Бейнежазбалар арқылы 12 арандатушыны анықтауға қол жеткізілді. Жамбыл облысында 18-31 наурыз аралығында 5 ұйымдастырушы, 11 арандатушы және жаппай тәртіпсіздіктердің 140 белсенді қатысушысы анықталды. Бұл өңірдің ұйымдасқан қылмыстық тобының екі лидері қамауға алынды, - деді Елдос Қилымжанов.

2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері көз жұмып, жарақаттанды. Ғимараттар, көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама