Петропавл қаласының атауын Қызылжар деп өзгерту туралы петиция жарияланды

Айнұр Шошаева

Қала атауын өзгертуді 15 мың адам қолдаған, 10 мыңға жуық адам қарсылық білдірген

фото: egov.press

Қазақстанда Петропавл қаласының атауын Қызылжар деп өзгертуге қатысты петиция жарияланды. Петиция 7 сәуірде жарияланған, авторы - Ерсұлтан Нұрғалиев.

«Қазақстан халқы Петропавл қаласының атауын өзгертуді талап етеді. Қазақстанның болашағына немқұрайлы қарамайтын халық Қазақстанның барлық қалаларының атауы қазақша аталғанын талап етеміз. Егер сіз еліміздің патриоты болсаңыз, осы өтінішке қол қойыңыз», - делінген мәтінде.

Бүгінге дейін өтінішке 24 329 адам қол қойған, оның 14 994 қолдап, қалған 9335 қарсылық білдірді.

Еске салайық, 30 наурызда Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабеков тұрғындармен кездесіп, шаһар атын өзгертуге қатысты жауап берді.

«Қазір өңір тұрғындарының көбі қазақ тілінде сөйлей бастады. Бірақ қала атауын бірден өзгерту мүмкін емес. Өз уақыты, мерзімі келеді. Бұл мәселені біз бір күнде шешіп тастаймыз деп те айта алмаймыз. Қазір одан да басқа маңызды жұмыстар бар», - деді қала әкімі Болат Жұмабеков.