Мәлімдеме жасағандардың тұрғылықты жері бойынша тінту жұмыстары жүргізілді
«Қазақстаннан тәуелсіздік алдық» деп жариялаған Петропавлдағы жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Солтүстік Қазақстан облысында болған жағдайға қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қылмыстық кодекстің 180-бабы бойынша 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл іс бойынша ведомствоаралық топ құрылды. Бұл қылмыстық істің сапасын көтеру үшін керек. Тиісті процессуалдық прокурорлар іске қосылды. Іс бас прокурордың бақылауында, - деді Жандос Өмірәлиев.
Айтуынша, қылмыстық іс қолғалғаннан кейін осы топтың (Халық кеңесі – автор) мүшелеріне және олардың тұрғылықты жері бойынша тиісті тінту жұмыстары жүргізілді.
«Флешка және тағы басқа дәлел заттар алынды. Осы заттар және топ мүшелерінің айтқан сөздері бойынша тиісті сараптама тағайындалды. Сараптаманы Әділет министрлігі жүргізеді. Оған шамамен бір ай уақыт кетеді. Біз жуық арада осы сараптаманы аламыз. Оның қорытындысы бойынша және айтқан сөзі негізінде оларға тағылатын айыптың баптары көрсетіледі», - деді Бас прокурордың орынбасары.
Айып тағылғаннан кейін жазаны сот тағайындайды. Өмірәлиев тергеу нәтижесі мен сараптама қорытындысы жеткілікті негіз берсе, оларға айып тағылып, жауапқа тартылатынын айтты.
Айта кетейік, оларға қамауға алу түрінде бұлтартпау шарасы қолданылған жоқ.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Петропавлда болған жағдайды қатаң бақылауға алу қажет екенін айтты.
19 наурызда Петропавлда 19 сепаратист «Халықтық кеңес» ұйымын құрып, Қазақстан Тәуелсіздігін мойындамайтынын жариялады. Тек қоғамдағы үлкен шудан соң облыстық құқық қорғау органдары «қылмыстық іс қозғалды» деген болар-болмас хабар таратты. Оған дейін жарты ай өткенше, олар қайда қарап келген? Қылмыстық кодексте мемлекет біртұтастығын бұзуға шақырғандарға қатаң жаза бар. Ал осы қылмысқа барған 19 сепаратист түк болмағандай үйлерінде отыр, – деді Қазыбек Иса.
Ал депутат Ерлан Саиров Петропавлдағы жағдай туралы айтып, Қазақстанда сепаратизмді насихаттайтындарға ауыр жаза барын еске салды.