×

Ирактағы казинода заңсыз жұмыс істеген 20 қазақстандық ұсталды – СІМ

Қазір ұсталған азаматтар айыппұл төлеп, Ирактан шығып кетті

 Дәурен Ерболат 10.04.2023 | 16:52
көрнекі фото: secretmag.ru

Бірнеше қазақстандық Ирак еліндегі казинолардың бірінде заңсыз жұмыс істеген. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ведомство өкілінің айтуынша, биыл наурызда Ирактың құқық қорғау органдары заңсыз жұмыс істеген 20 Қазақстан азаматын ұстаған.

Қазақстанның Иорданиядағы және Ирактағы елшілігі жергілікті органдармен сот қарауынсыз депортациялау туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Қазір ұсталған азаматтар айыппұл төлеп, Ирактан шығып кетті, - Айбек Смадияров.

Сондай-ақ ресми өкіл бұл елде бұған дейін қазақстандықтар заңсыз жұмыс істегенін жеткізді.

«2023 жылғы ақпанда Қазақстанның 7 азаматы Иракта шетелдіктердің болуы туралы заң нормаларын бұзған. Олар жасырын казинода заңсыз еңбек еткені үшін тергеуге тартылған. Былтыр қарашада олардың бесеуі ұсталып, сот қарауына дейін кепілмен босатылған. Осыған қарамастан жерлестеріміз Иракка қайта оралып, елдің заңнамасын қайтадан бұзды. Қазақстан елшілігі шұғыл көмек көрсетуді ұйымдастырды. Сондай-ақ, сот және прокуратурамен келіссөздер өткізілді», - дейді ол.

Аталған заңбұзушылыққа барған қазақстандықтар бір жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін, немесе оларға 500 мыңнан 3 млн динарға дейін айыппұл салынуы мүмкін.

Аталған азаматтар Иракта тиісті құжатсыз және заңсыз еңбек ету үшін барған. Осыған байланысты отандастарымызды басқа елдің заңын сақтауға шақырамыз, - деді ресми өкіл.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама