Әл-Ақса мешітіне шабуыл: Қазақстан тарапы Таяу Шығыстағы шиеленіске алаңдап отыр
Мұсылмандардың қасиетті айы – Рамазан мен еврейлердің мерекесі – Песах тұсында жағдай ушығып кетті
Қазақстан тарапы шабуыл жасалған әл-Ақса мешітіндегі жағдайға алаңдаушылық білдірді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Қазақстан әл-Ақса мешітінде мұсылмандарға шабуыл жасалуына және Таяу Шығыстағы шиеленістің өршуіне алаңдаушылық білдіреді. Бұл жағдайда тараптар ұстамдылық танытып, зорлық-зомбылыққа және ахуалдың одан әрі ушығуына әкелетін қадамдардан, сондай-ақ арандату әрекеттерден бас тартады деп үміттенеміз. Осы ретте статус-кво маңызды деп санаймыз», - деді Айбек Смадияров.
Қазақстан қасиетті Рамазан айы мен Песах мейрамы кезінде саяси, діни және қоғамдық көшбасшылар бұл шиеліністі тоқтатуға бар күшін салады деп үміттенеді.
Еске салайық, бұған дейін Израиль қарулы күштері әл-Ақса мешітіне шабуыл жасады. Қақтығыс кезінде ондаған палестиналық жарақат алды.
Түркия президенті Режеп-Тайып Ердоған Израиль билігінен әл-Ақса мешітіне шабуылды тез арада тоқтатуды талап етті. Ол мұсылмандардың Иерусалимдегі қасиетті жеріне шабуылды террористік акт деп айыптады.