Талдықорған супермаркеттерінде тұтынуға жарамсыз картоп қымбатқа сатылған
ҚМА бастамасымен өнім бағасы төмендетілді
Талдықорған супермаркеттерінде тұтынуға жарамсыз картоптар қымбат бағаға сатылған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
ҚМА Жетісу облысы бойынша департаментінің қызметкерлері азық-түлік тауарларына баға белгілеудің тізбек бойынша делдалдық схемаларды тергеу бойынша Өңірлік комиссиямен бірлесіп, тұрақты түрде өндірушіден тұтынушыға дейінгі бағаның қалыптасуының мониторингін жүргізіп жатыр. Департамент әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының өнім сапасына мониторинг жүргізіп, олардың баға-сапа қатынасына сәйкестігі тексерілді.
Мониторинг барысында Талдықорған қаласының ірі супермаркеттерінде «Жетісу ӘКК» АҚ жеткізетін картоптың 170 теңгеден сатылғаны анықталды. Өнім әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру қорынан қаржыландырылады, алайда сатылатын картоптың сапасы өте төмен болып шыққан. Өнімнің 70%-ы тұтынуға жарамсыз.
Департамент бастамасымен аталған мәселе Өңірлік комиссия отырысында қарастырылып, облыс әкімдігіне және «Жетісу ӘКК» АҚ профильді бөлімшелеріне тиісті нұсқаулар берілді. Сауда орындарының әкімшілігімен және жеткізушілермен жүргізілген профилактикалық шаралардың нәтижесінде жарамсыз картоп ауыстырылып, оның бағасы 1 келісі үшін 170 теңгеден 100 теңгеге дейін төмендетілді. «Жетісу ӘКК» АҚ-на әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізушілер мен сатушыларға бақылауды күшейту туралы тиісті тапсырма берілді.