×

Маңғыстауда бұрынғы полиция подполковнигі пара алғаны үшін сотталды

Ол шетел азаматына қатысты қылмыстық істі тоқтатпақ болған

 Динара Амантай 08.04.2023 | 13:35
Фото: ашық дереккөз

Маңғыстау облысында Бейнеу ауданы ІІБ бастығының орынбасары шетелдіктен пара алғаны үшін сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бейнеу аудандық сотының мәліметінше, сотталушы биыл 9 қаңтарда Бейнеу ауданы ІІБ бастығының орынбасары полиция подполковнигі құқық қорғау органының қызметкері лауазымында бола тұрып, қасақана пайдақорлық ниетпен Тәжікстан Республикасының азаматына қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылдау үшін 300 АҚШ доллары көлемінде пара алған.

13 наурызда сотталушы, оның қорғаушысы және прокурордың арасында кінәні мойындау туралы процессуалдық келісім жасалды.

Сондай-ақ сот сотталушы өз кінәсін толық мойындап, шын ниетімен өкінуін және кәмелетке толмаған балаларының болуын қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар деп таныған.

Сотталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайларға кәсiби антын бұзу мен өзінің қызмет бабын пайдаланып, қылмыстық құқық бұзушылық жасауын таныған.

Сот үкімімен ер адам ҚК-нің 366-бабының 1-1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған параның 25-еселенген сомасы мөлшерінде 3 474 825 теңге айыппұл жазасы тағайындалған.

Күзетпен ұстауда болған мерзімін есепке алып, түпкілікті 2 384 625 теңге айыппұл жазасы тағайындалған.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама