Өзен жағалай қоныстанған Талдықорған халқы болашақта қара суға зар болып қалуы мүмкін

Думан Қырықбаев

Қаратал өзенінің ағысы бір жыл ішінде айтарлықтай саябырсып қалған

фото: Halyq Uni

Талдықорған қаласындағы табиғат жанашырлары жыл өткен сайын Қаратал өзенінің тартылып бара жатқанын айтып дабыл қаққанына көп болды. Алайда жағдай ушықпаса, оңалатын түрі жоқ. Ол үшін өзеннен құм мен қиыршық тасты заңсыз жолмен алуды доғару керек.

Талдықорғандық табиғат жанашырлары осылай деп дабыл қақалы біраз болған. Алайда, жағдай ушықпаса, оңалатын түрі жоқ. Жыл өткен сайын Қаратал өзені тартылып барады.

Эколог Қайрат Нұрхановтың айтуынша, заңсыз әрекет тыйылмаса, өзен арнасы бұзылып, су құмға сіңіп кете береді.

«Әрине, құрылысқа қажетті құм-тас керек. Бірақ, оны алу үшін табиғатқа зиян тигізбей, тастарды арнайы құрылғылармен ұсатып, үгітіп барып құм алу керек. Ал, бізде көбі құм алудың оңай жолына әдеттеніп алған. Құмды өзен арнасынан қазып алады. Бұл заңсыз. Ертең су төмендеп кетсе, облыс орталығы Талдықорған қаласы 10-15 жылда-ақ ауыз сусыз қалуы ықтимал. Сондықтан, бұл алаңдататын мәселе. Бей-жай қарауға болмайды. Болашақты ойлау керек», - дейді.

Осыдан бір жыл бұрын екпіні қатты, ағысы асау Қаратал өзені біршама саябырсып қалған. Көктемде қар еріп, су молайған кезде ғана арыны күшеймесе, жаздың күндері өзеннің кей бөлігі арыққа айналады. Өзендегі су деңгейінің азаюы Балқаш көлінің экологиялық жағдайына кері әсерін тигізе бастаған. Су көлге дейін толық көлемде жете бермейді. Бұған бірінші кезекте өзен арнасын заңсыз қазып, табыс тауып отырған азаматтар кінәлі.

«Су кодексінің 1-бабы, 29-тармағына сәйкес (су қорғау белдеуі - шектеулі шаруашылық қызметі режимі белгіленетін, су объектісіне іргелес жатқан су қорғау аймағы шегіндегі ені кемінде отыз бес метр аумақ) өзен арнасының аңғарының оң және сол жағын қоса алғанда, кемінде 35 метрге дейін ешқандай өндірістік жұмыстар жүргізілмеуге тиіс. Яғни, құм алынбауы керек. Егер бұлай жалғаса беретін болса, біз заңсыздыққа жол берген азаматтарды тек әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілікке тарту жағын қарастырамыз», - дейді эколог Қайрат Нұрханов.

Жалпы, Су кодексінің 125-бабы, 1-тармақ, 5 тармақшасында: «Өзен арналарынан ешқандай қазба байлық алынбауы керек» деп нақты көрсетілген. Сондықтан, өзен арнасындағы кез-келген өндірістік жұмыстар заңсыз әрекет болып есептеледі. Экономикалық тұрғыда біреуге пайда әкелгенімен, экологиялық тұрғыдан орасан залалын тигізуде.

Қазақстанда құрылыс материалдарының бағасы аспандап тұр. Сәйкесінше, құм, топырақ, қиыршық тас нарықта үлкен сұранысқа ие. Қазір құмның тоннасы төрт-бес мың теңге шамасында болса, құм аралас қиыршық тастың тоннасы үш-төрт мың теңгеден саудалануда.

Эко-белсенділердің айтуынша, табиғат байлығын заңсыз пайдаланғандарға қарсы күресті күшейтпесе болмайды. Жыл басынан бері тәртіп сақшылары жер қойнауын өз бетінше пайдаланғандар бойынша небәрі төрт жағдайды анықтаған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 139-бабы бойынша материалдар жинақталып, Алматы облысы бойынша экология департаментіне жолданған. Полиция өкілдері заңбұзушы азаматтарды көлікке тас тиеп жатқан жерінен құрықтаған.

28 наурызда үш азаматты өзен арнасынан құм және тасты заңсыз тиеп жатқан жерінен ұстадық. Тиісті хаттамасын толтырып, істі облыстық экология департаментіне жолдадық. Бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастырамыз, - дейді Талдықорған қалалық полиция басқармасының табиғатты қорғау инспекторы Шыңғыс Болатов.

Алматы облысында өзен жағасындағы құм-тасты өндіруге тек 4 мекемеге ғана рұқсаты берілген.

Жалпы, өзен арнасынан қиыршық тас, құм алып, оны құрылысқа пайдалану тәжірибесі кез келген елде бар. Бірақ олар суы тартылып қалған арналардан алып, соны өңдеп, қажетіне жаратады.