Бензин 11% қымбаттайды: халық оған дайын ба?

Наима Нұрәлі

Қазақстанда бензин мен дизель отынының бағасы қымбаттайды

12 сәуірден бастап Қазақстанда жанар-жағармай бағасы қымбаттайды. Энергетика министрлігінің мәліметінше, АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин бағасы 182-187 теңгеден (өңірге байланысты) литрі 205 теңгеге дейін (11%), дизель отыны 230-260 теңгеден 295 теңгеге дейін көтеріледі. Өсім - 20 пайыз.

Осы ретте Halyq Uni тілшісі халықтың пікірін біліп, «бензин бағасының қымбаттауы азық-түлік бағасының да өсуіне тікелей әсер ете ме?» деген сұраққа жауап іздеді.

Бұған дейін премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин жанар-жағармай бағасының қымбаттауы басқа тауарларға қалай әсер ететіне тоқталды.

Жеңіл тауар болса аса қымбаттамайды, ірі өнімдердің бағасы тиісінше өсуі мүмкін. Жанар-жағармай бағасы өскен жағдайда, мысалы қантқа әсері – 5%, ал күнбағыс майы 2,4% өседі деген болжам бар. Шамамен 15-17 теңгеге қымбаттауы мүмкін. Қазір тауар өндіруші ірі кәсіпорындар бензин, дизельмен жұмыс істемейді. Олар газға көшкен, ал газдың бағасы әзір өспейді, - деді Серік Жұманғарин.

Премьер-министр Әлихан Смайылов Энергетика министрлігінің бұл шешіміне қатысты пікірін айтты.

«Энергетика министрлігі дизель отыны мен бензиннің бағасын көтеру туралы тиісті шешім жобасын жариялады. Бұл оңай шешім емес. Бұл шешімді қабылдауға мәжбүр болып отырмыз. Қазір мұнай өнімдерінің бағаларын қайта қарамасақ, онда жақын арада біз мұнай өнімдерінің тапшылығына тап боламыз», - деді премьер.

Премьердің айтуынша, Қазақстанда дизель мен бензинді тұтыну деңгейі өте жоғары.

«Қазір біз баға айырмашылығын төмендетпесек, дизель отыны бойынша биыл біз 850 мың тонна тапшылыққа ұрынамыз. Біздің арзан отынымыз өзіміздің ұлттық мүдделерімізге емес, көрші елдердің экономикасына жұмыс істеп жатыр. Сондықтан жанар-жағармай нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін осы көрші елдердегі бағалармен айырмашылықты төмендетуіміз керек. Бұл жанармайды жаппай шығарылуын төмендетуге және ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - Әлихан Смайылов.