Оларға үстемақы беру жағы қарастырылуы мүмкін
Шекара маңында тұратын қазақстандықтардың табысын арттыру жағын қарастыру керек. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Шекара маңындағы аудандарды дамытуда тіршілікке қажет инфрақұрылымды қаржыландыруға басымдық беру маңызды. Жергілікті тұрғындар үшін жаңа қолдау шаралары, соның ішінде жалақы мен басқа да әлеуметтік төлемдерге үстемақы қарастыру қажет.
Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, осы шараларды іске асыруға кірісуге тиіс», - деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.
Сондай-ақ үкімет басшысы азық-түлік бағасын тұрақты ұстап тұру үшін шаруаларға қолдау көрсетуді күшейту керегін атап өтті.
«Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін агробизнес субъектілеріне арналған қолдау құралдарын жетілдіруді жеделдету қажет. Жеке қосалқы шаруашылықтардың дамуына жеңілдікпен несие беруді көздейтін «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы министрлігі осы тапсырмалардың іске асырылуын ерекше бақылауға алуы керек», - деді премьер-министр.
Айта кетейік, Үкімет жыл соңына дейін инфляцияны 2 есе түсіріп, халықтың табысын арттыруды жоспарлап отыр.