Экс-министр сот үкімін заңсыз деп танып, күшін жоюды сұрап отыр
Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов сот үкіміне байланысты Жоғарғы сотқа шағым түсірді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бұл туралы Halyq Uni тілшісіне экс-министр Елжан Біртанов хабарлады.
Құқық қорғаушы Эльмира Әлиеваның хабарлауынша, экс-министр мен адвокаттары Жоғарғы сотқа 29 наурызда шағым түсірді.
Ол жерде сотталғандар сот үкімінің Денсаулық сақтау министрлігінің талап арызын қарауға қабылдау және оны қанағаттандыру бөлігін заңсыз деп тануды және оның күшін жоюды сұрап отыр.
2022 жылдың 28 қазанында сот шешімімен Елжан Біртанов 5 жылға, Олжас Әбішев 4 жылға бас бостандығынан шектеу жазасына кесілді. Сондай-ақ оларға пробациялық бақылау қойылатыны айтылды. Екеуі де өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Денсаулық сақтау министрлігі бұрынғы министрді «пациенттер, дәрі-дәрмектер және медициналық бұйымдар туралы барлық деректі біріктіруге тиіс болған жұмыс істемейтін ақпараттық платформаны қабылдап, пайдалануға берген» деп айыптап, 1,5 млрд теңге шығын келтірді деп сотқа талап арыз берген.
Сот оны ішінара қанағаттандырып, 1,3 млрд теңгені мемлекетке қайтаруды міндеттеді. Бұл қаражат 3 ай ішінде қайтарылуға тиіс.
2022 жылдың 9 қарашасында экс-министр Елжан Біртановтың адвокаттары сотқа апелляциялық шағым түсірді.
2023 жылдың 10 ақпанында Астана сотының апелляциялық алқасы экс-министр Елжан Біртанов пен оның орынбасары болған Олжас Әбішевтің ісін қайта қарап, бірінші инстанцияның судьясы Ибрагим Әлкенов шығарған үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Бұған дейін Елжан Біртанов сұқбат беріп, сот процесінің қалай өткенін айтып берді.