×

«Президенттен қызметімнен босатуын сұрадым»: экс-министр Біртанов сұқбат берді

Экс-министр қызметінен босатылғаны, қылмыстық іс пен сот үкіміне қатысты ойын айтты

 Айгерім Таубай 17.03.2023 | 15:05

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі – шартты түрде 5 жылға сотталған Елжан Біртанов Halyq Uni тілшісіне сұқбат беріп, тергеудің екі жылға созылғаны, сот үкімі мен апелляциялық сот туралы ойын айтты. Сондай-ақ экс-министр коронавирус пандемиясы мен өзінен кейін Алексей Цойдың қалай министр болғанын айтып берді.

– Елжан Амантайұлы, кейінгі 2-3 жыл сізге және жақындарыңыз үшін оңай болмағанын білеміз. Сот үкімі шыққан соң, апелляциялық сотқа шағым түсірдіңіз. Жалпы жағдайыңыз қалай? Шаршаған жоқсыз ба?

– Алдымен сұқбатқа шақырғандарыңызға рақмет! Еліміздегі сот жүйесі туралы айтқым келді. Шаршадым деп айтуға аузым бармайды. Себебі отбасым бар, 5 баланың әкесімін. Бауырларым бар. Әділдікті халыққа жеткізіп, күресу үшін күш-қуат керек. Күш-қуатты бауырларым мен халықтың қолдауынан аламын. Олардың арасында өзімнің әріптестерім бар. Алдымызда біраз мақсатымыз бар, әділдікке жету үшін күшіміз де бар.

– Жаңа қызметке кіріскеніңізді естіп жатырмыз. Жұмысыңызға сәттілік тілейміз! Қандай қызмет, қашаннан бастап кірістіңіз?

– Түрмеден шыққалы 2 жыл болды. Түрмеге түскен кезде бүкіл дәрігер көтеріліп, мені қорғау үшін президентке петиция жазды. Сол жағдайда сенбедім. Бір апта түрмеден кейін үйқамаққа жіберді. Петицияны оқып, әріптестерден хабар алып, таңқалдым. Бір саланың мамандары бірігіп, қолдау көрсетсе, оның күші бар екенін білдім. Осындай қолдауға өз атымнан жауап беріп, әрі қарай медицина саласындағы қызметкерлерге еңбек ету туралы ойым болды. Денсаулық сақтау министрі қызметінен кеткелі жеке компания шақырып, менеджер ретінде сол компанияны басқарып жүрмін. Жұмыс орным бар. Наурызда медицина саласындағы KazMed кәсіподағы шақырды. Келе жатқан Парламент және мәслихат сайлауында медицина қызметкерлері қатысып жүр. Медицина саласында біраз мәселе бар. Оларды шешуге қалай атсалыса алатынымды ақылдастық. Медициналық кәсіподаққа кеңесші ретінде қоғамдық жұмысқа қосылып жатырмын.

Сайлауда медицина саласынан шыққан кандидаттарды қолдау ретінде кездесу өткіздік. Біраз кандидат бар екен. Солардың рөлі үлкен деп сенемін. Елімізде медицина саласын көтереміз десек, парламент пен мәслихатта медицина саласының мамандары болуы керек. Ол жерде тек саясаткерлер отырмауы керек. Саясаткер көп, бірақ маман аз. Жақсы мамандар керек.

– Жағдайыңызды білдік. Жаңалықтарыңызды естідік. Әңгімені 2020 жылы болған оқиғалардан бастасақ. 2017 жылы сіз сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен денсаулық сақтау министрі болып тағайындалдыңыз. Ол қызметті 3,5 жылдан аса уақыт атқардыңыз. Қызмет етіп жүрген кезде 2020 жылы коронавирус пандемиясы басталды. Өзіңіз инфекция жұқтырып, ауруханаға да түстіңіз. Қызметтен босатылуыңызға денсаулық жағдайыңыз себеп болды ма? Әлде министр лауызымынан кету қажет болды ма?

– Екеуі бір-біріне байланысты. Себебі коронавирус жұқтырып жаттым. Елде төтенше жағдай болғаннан кейін Үкіметте толық жұмыс істейтін министр қажет болды. Сол кездегі премьер-министр Асқар Мамин телефон арқылы хабарласып, «Елжан, осындай жағдай болып жатыр. Сен ауруханада жатырсың. Не болатынын ешкім білмейді... Тірі қаласың ба, қашан шығасың?.. Бірақ Үкімет әрі қарай жұмыс істеуі керек» деді. Сол кездегі Үкіметтің негізгі мақсаты – коронавируспен күрес. «Бізге толық жұмыс істейтін министр керек. Қалай ойлайсың?» деді. Мен бәрін түсінетінімді және қолдайтынымды айттым. Ауруханада жатқан кезде бірнеше жиналысқа онлайн қатыстым. Дәрігерлермен байланыста болып, жұмысымды атқардым. Бірақ қиын болды. 1-2 күн қалай болатынын өзім түсінбей қалдым.

Бірінші кезекте халықтың денсаулығын ойлап, ұсынысты қолдадым. Президентке тікелей хат жазып, министр қызметінен босатуды сұрадым. Ешқандай басқа шешім болған жоқ. Ұсыныс келді, жұмыс орнымды босаттым.

– Сізден кейін денсаулық сақтау министрлігін басқаруға келген Алексей Цойды бұл қызметке кім ұсынды?

– Пандемия басталған кезде Алексей Цой ҚР президент медицина орталығын басқарып тұрды. Ол – денсаулық сақтау министрлігіне бағынбайтын бөлек мекеме. Себебі олар мемлекеттік қызметкерлерге, үкімет мүшелері мен депутаттарға медициналық қызмет көрсетеді. Министрлік бүкіл халыққа медициналық қызметті ұйымдастыру бойынша жұмыс істейді.

Мен ауруханаға түскен кезде Алексей Цойды денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары қызметіне алу туралы ұсыныс келді. Оны премьер-министр ұсынды. Біз министр болсақ та, тікелей басшысыз – премьер-министр. Жұмысқа алатын – президент. Басшыларыз осындай шешім қабылдаған кезде «жоқ» деп қалай айтасың? Министрлікті күшейтеміз деп, тағы бір орынбасар қызметін енгіземіз деді. «Жарайды» дедім. Алексей Цойды білемін. 2017-2018 жылдары менің орынбасарым болып жұмыс істеген. Сауатты маман. (...) Бір-екі күннен кейін Алексей Цойды министр ретінде ұсынды.

– Сізді бұл қызметке бастапқыда Назарбаев тағайындады. Басыңызға іс түскен кезде ол кісімен хабарласа алдыңыз ба? Ол кісінің тарапынан немесе сіздің тараптан хабарласуға тырыстыңыз ба?

– 2015 жылы ҚР Еңбек және денсаулық сақтау министрлігіне вице-министр болып қайтып келдім. 2017 жылдың басында министрлік екіге бөлінді. Ол кезде Тамара Дүйсенованың медицина бағыты бойынша орынбасары болғанмын. Бөлген соң министр болу туралы ұсыныс келді. Нұрсұлтан Назарбаевпен сол кезде кездестім. Сол кезде медициналық сақтандыру енгізу тапсырмасын берді. Он шақты жылдан бері дайындалып жүрдік. 2015 жылы тікелей тапсырма берілді. Нақты тапсырма болған соң бірден кірістім. Бұл қажетті реформа болды деп санаймын.

2020 жылдың басында реформа енгізілді. Медицинадағы негізгі кодекс қабылданды. Сол кезде коронавирус басталды. Бірінші күннен бастап, министр ретінде соңғы жұмыс күніне дейін күшімді салып жұмыс істедім. Барлық мүмкіндікті, әріптестермен бірге демалыссыз жұмыс істедік. Ауырғаннан кейін басталған тірліктер түсініксіз болды, қазір де түсініксіз. Себебі маған және Олжас Әбішевке (бұрынғы вице-министр) қатысты қозғалған қылмыстық іс шындыққа жанаспайды деп санаймыз. Осындай жағдай болғаннан кейін біраз ой болды. Адам түрмеде болған кезде президентке емес, өзінің отбасы мүшелерімен байланысуы қиын болады екен. Себебі тек қана адвокаттар арқылы байланыстық.

...Мені не үшін қамап жатқанын түсінбей отырдым. Қандай іс болды? Қандай қылмыс болды?

Одан кейін үйқамақта отырған кезде адвокаттармен жұмыс істей бастадық. Адвокаттар тергеушілермен кездесіп, содан кейін жалпы түсінікті болды.

– Сіздің орынбасарыңыз болған Олжас Әбішев 2020 жылдың шілдесінде қамауға алынды. Білуімше араға 3 ай салып, сізді де қамады. Сізді қандай жағдайда ұстады? Үйіңізде отырған кезде алып кетті ме, әлде тергеу шақырып, қамалатыныңызды хабарлады ма?

– 30 қазанда тергеу шақырды. Сол күні бардым. «Сіз қамаласыз» деп айтты. Сағат 2-ден 9-ға дейін тергеу болды.

Олжас Әбішев қамалған кезде мен таңқалдым. Себебі іс басталғанын білдік. Ол іс 2020 жылдың мамырында басталған. Денсаулық сақтау министрлігінде жұмыс істеп жүрген кезде Қаржы мониторингі агенттігі пандемия қызып тұрған кезде келіп, министрлікте тінту жүргізді. Қағаздарды шашып, мамандарды тергеуге шақырды. Сол кезде таңқалдық. Бір жағынан мемлекет басшысы мен Үкімет басшысы тапсырма беріп, тәулік бойы жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ мамандарды 2 жыл бұрын болған жағдайға қатысты тергеді. Әріптестерімді жинап, IT мамандарды шақырып, жағдайды түсіндіріңдер дедім. «2018 жылы біткен жоба бойынша іс қозғалды. Бірақ бәрі дұрыс, қылмыс жоқ. Ол келісімшарт бойынша әлі де жұмыс істеп жатырмыз. Коронавирусқа байланысты жұмыс тоқтап тұр, қылмыс жоқ» деді. Тапсырма беріп, құжаттарды дайындап отыруды тапсырдым. Жұмыстан шыққан соң бір айдан кейін Олжасты қамады.

Содан бірнеше күн бұрын Олжас хабарласып, өзін тергеуге шақырып жатқанын жеткізді. «Шындықты айт» дедім, бірақ осылай болды.

– Сол үш айда Әбішевпен байланысып тұрдыңыз ба?

– Жоқ, байланысым болған жоқ. Оның қорғаушыларымен кездестім. Кездесу кезінде өзіме де адвокат керек екенін түсіндім. Мені куә ретінде шақырды. Маған Олжастың адвокаттары мен ағасы тергеушілердің «Бірнеше айдан бері түрмеде ешқандай сұрақ қоймаған. Тек Елжан Біртановтың қылмыстық тапсырма бергенін айт. Солай айтсаң, сені босатамыз» деп айтқан сөзін жеткізді. Олжасқа осындай қысым жасалған. Заң тарапынан қандай көмек керек болса, көрсетуге тырысамын дедім. Ертеңі тікелей премьер-министрге (Асқар Мамин – ред) бардым. «Асқар Ұзақбайұлы, осындай жағдай болып жатыр. Олжасты қамап, Біртановты кінәлі деп көрсет деп жатыр. Бұл не деген сұмдық? Не деген заңсыздық?» деп айттым.

– Асқар Мамин не деп жауап берді?

– «Елжан, сен қорықпа! Бұл тергеу органдарының тәсілі, әр адамды солай ұстап, қысым жасайды» деді. Бұл – заңсыздық! Конституция бойынша барлық тергеу заң негізінде болу керек. Түрмеде болса да, бостандықта жүрсе де заң бойынша қысым жасалмауы керек.

Содан кейін бұл мәселе көтерілді. Осы қысым туралы Олжас сотта айтты. (...) Өзіме сеніп жүргенмін. Заңға сенемін. Өзімнің қылмыс жасамағаныма сенімді болып жүрдім. Екі айдан кейін шақырып, «платформаның жұмыс істемейтінін біліп, комиссия мүшелеріне қысым жасадыңыз, қаулы шығарып, қабылдадыңыз» деді. Осындай жемқорлық әрекетін жасадыңыз деп қамады.

– Бұл әрекеттің артында кім тұр деп ойлайсыз?

– Бұл әрекеттің артында тергеу органы және тергеушілер тұр деп ойлаймын. Бұл тергеу толық заңсыздық негізінде жүргізілген. Заңсыз фактілер пайдаланып, жала жауып, сотқа әкеліп тапсырды. Оларды покуратура мен сот қолдайды. Бар күшімізді салып, халыққа шындықты көрсетіп, әділдікке жетпедік.

Түрлі ой болды. Ақпараттық медицина жүйесін тоқтату кімге қажет болды? Ол да бар. Медицина саласында жемқорлық механизмі бар. Оны білдік. Қызмет барысында оларға қарсы жұмыс істедік. Өкінішке қарай олар жеңді. Қазір ешқандай ақпараттық жүйе, бірыңғай платформа жұмыс істемейді. Осыған байланысты кемшілікті халық көріп отыр.

Алайда біздің қамалуымызға олардың тікелей қатысы бар деп айтуға аузым бармайды. Себебі қамауға тергеушілер алды. Олар заңсыз тергеу өткізіп, заңсыз жала жауып, сотқа жіберді. Оны айтуға қорықпаймын. Бір күні бұл ашылады. Бір күні сот үкімі күшін жояды.

– Тергеудің өзі екі жылға жуық уақытқа созылды.  Сотқа жолданар алдында тағылған айып – қылмыстық кодекстің бабы өзгерді. Оған не себеп болды?

– Бұл дерек те тергеудің өтірік екенін көрсетеді. Олжас Әбішев екеумізге мемлекеттің ақшасын ұрлады деген айып тағылды. Қазір ойласақ, күлкілі. Алайда сол кезде таңқалдық. 2020 жылы бізді ұстады. 2021 жылдың көктеміне дейін ақпарат жинады, куәлерден жауап алды. Өздері де ешқандай қылмыс жоқ екенін түсінді. Бірақ артқа шегіне алмайды. Себебі қызметтен кетеді, өздері түрмеге түседі. Себебі бізді босатса, бүкіл басшы жұмыстан кетеді. Содан кейін бізге қысым жасай бастады.

«Салғырттық» деген бапта көрсетілген қылмысты жасағандарыңды мойындаңдар деді. «Соны мойындасаңдар, сот тез өтеді» деп тергеумен мәмілеге келуді ұсынды. Шартты түрде сотталып, бәрі бітеді деп сендірді. Менің туыстарым, достарым және бауырларым арқылы осындай ұсыныс жіберді. Ал егер мойындамасам, ертеңнен бастап тағы бір айып тағылатынын айтты. Бұл – санитарлық авиация ұшағын пайдалану бойынша іс. Сол кезде ешқандай қылмыс жасамағанымды, мыңнан аса медицина қызметкері мен жерлестерімнің қолдап отырғанын айттым. Жасамаған әрекетті қалай мойындаймын? Ертең балаларымның көзіне қалай қараймын? Содан кейін достарым мен әріптестеріммен қалай сөйлесемін? Ешқандай қылмыс жасаған жоқпын! Мойындамаймын! Құқық органдары қате жасаса, оны өздері мойындауы керек. Заң және әділдік бойынша солай болуы керек. Сол туралы президент те айтты. «Егер мемлекеттік қызметкер ешқандай қылмыс жасамаса, қылмыстық жауапкершілікке тартуға болмайды» деді. Тергеу оның бәріне назар аудармай, президентті тыңдамай, өзінің қылмыстық әрекетін жасауға тырысып жатыр. Қазір де солай. Оны халық түсінеді.

«Жоқ» деген соң тергеу тағы да шақырды. Үйіме де келді. Екінші қылмыстық іс туралы айтты. Жүз қылмыстық іс болса да, мойындамаймын. Сотқа келген соң ақша ұрлау анықталмайтынын түсінді. Сөйтіп бір күн қалғанда (қылмыстық кодекстің бабын) өзгертіп жіберді.

– Содан кейін сот басталды. Сот процесінің өзі бір жылға жуық уақытқа созылды. Сот үкімі шығатын кезде толық ақталып шығамын деген үміт болды ма? Әлде салқынқандылық танытып, әрі қарай күресеміз деген ұстаныммен бардыңыз ба?

– Соттың әр отырысы сайын түрлі ұсыныс айттық. Арасында қылмыстық істі тоқтату туралы айтылды. Әр отырыс сайын үміттеніп күтетінбіз. Сот заңға сәйкес өтеді деп күттік.

Қандай қиын жағдай болса да, заң мен әділдікке әрбір адам сенеді. Қазір оның жай үміт екенін түсінемін. Біздің соттарда заң телефон арқылы жұмыс істейді. Оларға жоғары жақтан қандай тапсырма беріледі, олар сондай шешім шығарады. Себебі бір жылдың ішінде судья Әлкенов қағазға айтып жатқанымызды бір рет те жазып алмады. Қалай бәрін есінде сақтайды? Түрлі фактор болды. Үстелінде бір қағаз жоқ. Ұйықтап отыр ма, тыңдап отыр ма – кім біледі? Сол кезде түсіне бастадық. Біздің шындығымызды, кінәміз жоқ деректерді көрсетсек, өтініш жолдасақ, бас тартады. «Бәрі былай да түсінікті» деп кейінге ысырып отырды. Бірінші күннен бастап сот шешімі дайын болған. Апелляциялық сот та сол. Үміттендік. Сөздерінен біліп отырасың. Бірталай жаңа дерек, айғақ әкелдік, толық ешкім қарамайды. Бұл сот шешімі – заңсыз. Судья заңсыз шешім қабылдады. Біздің Конституция бойынша әрі қарай Жоғарғы сотқа барамыз. Халықаралық сотқа барамыз.

Апелляциялық сотқа барған кезде де «бір жүйе, бір-бірін қолдайды» деп талай адам айтты. Бірінші инстанция шешімі өзгеріссіз қалатынын айтты.

– Сондықтан апелляциялық соттан ештеңе күтпедіңіз бе?

– Солай айтуға болады. Себебі реалистпіз. Екінші жағынан менің адвокаттарым деңгейі жоғары кәсіби мамандар. Олар елімізде заңның жақсы жазылғанын айтты. Мәселе заңда емес, заңды пайдалануда екенін жеткізді.

Мен де, менің бауырларым және адвокаттарым бірінші сотта да, апелляциялық сотта да 100% өздерінің күшін, білімін салды. Өкініп отыратын ойымыз жоқ.

– Елдегі сот жүйесінен көңіліңіз қалған жоқ па?

Әрине, көңілім қалды. Анық жағдай, ешқандай қылмыстық әрекет болмаған. Ешқандай мотив жоқ. Мемлекет бюджетіне шығын келмеген. Сондай жағдайда сот осындай шешім қабылдап, адамдарды соттады. Қомақты айыппұл салды. Неге осы мемлекетке, заңдарға сенеміз? Қазір мұның адамдарға байланысты екенін түсінемін. Судья Әлкенов секілді адамдарға байланысты. Жемқорлық деген – сол. Заң бойынша бізді ақтауы керек еді. Шығарған қағазды оқысаң, күлкің келеді. Тергеуші жазған қағазды 99% көшіріп алған. Елімізде мұндай судьялар болмауы керек.

– Жоғарғы соттан не күтесіз?

– Жауапкершіліктен босатады деп ойламаймын, бірақ дұрыстап дайындалуымыз керек. Қазір заңгерлермен бірлесіп шағым дайындап жатырмыз. Олжас екеумізге 1,4 млрд теңге айыппұл салды. Содан босатылу керек деп санаймын. Бұл адамның ойына сыймайтын сома. Бұл ақша Хорватия мемлекетінің шотына аударылған. Бірақ Біртанов пен Олжас Әбішев ешқандай ақша ұрламаса да, ол ақшаны бюджетке қайтаруы керек. Қай жақтан қайтару қажет? Осындай шешімді естіген адам сот туралы не ойлайды? Бұл – цирк, фарс. Олар менде де, Олжас Әбішевте мұндай ақша болмағанын, болуы мүмкін емес екенін біледі. Жеке кәсібім жоқ, активім жоқ. 50 жыл жұмыс істеп төлейтіндей жас емеспін. 10-15 жылдан кейін зейнетке шығамын. Мұндай айыпты төлеу үшін мен қанша көлемде жалақы алуым керек? Осы шешіммен күресеміз.

– Бұл қандай күрес? Бауырларыңыз, ұл-қызыңыз бен өзіңіздің репутацияңыз үшін күрес пе? Әлде елдегі сот жүйесінің әділетсіздігімен күресіп жүрсіз бе?

Біріншіден – репутация. Менің, бауырларымның қандай отбасыдан шыққанымды әріптестерім мен достарым біледі. Әкем берген Біртанов атын қорғауым қажет. Бұл ертең менің балаларыма, немерелеріме беріледі. «Біртановтың отбасында қылмыскер болды» дегенді қабылдамаймын. Күшім жеткенше күресемін.

Балаларымның бірінің мемлекеттік қызметке бару туралы ойы болса, әкесінің істі болғаны үшін жұмысқа алмайды. Ол да үлкен мәселе.

Сот жүйесінде әділдік орнату – менің ғана күресім емес. Бұл – қазақ елінің күресі.

– Сот үкіміне сәйкес, сізді мемлекеттік қызметті атқару құқығыңыздан айырды. Өзіңізді мемлекеттік қызметтің құрбаны болдым деп санайсыз ба?

– Жоқ, мемлекеттік қызметтің немесе ел билігінің, Үкіметтің құрбанымын деп санамаймын. Өзімді Қазақстандағы жемқорлыққа батқан құқық қорғау жүйесінің құрбанымын деп санаймын. Тергеу, прокуратура, сот жүйесін толық көрдім. (...) Ол жерде қызмет ететіндер заңды қорғамайды. Оларға қандай тапсырма беріледі, кез келген адамды соттайды.

– Өзіңізге қатысты істе біреудің жолын кесіп кеттім немесе біреу тапсырма беріп отыр деп ойлайсыз ба?

– Әрине, ойлаймын. Мүмкін. Ондай адам көп. Себебі медицина саласында 35 жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмын. Кейінгі 20 жылда медицина саласын ұйымдастыру жағында қызмет етемін. Денсаулық сақтау саласында қандай механизм бар, заңсыз іс-қимыл және шешілмеген мәселелер туралы жақсы білемін. Мемлекеттік қызметке келген алғашқы күннен денсаулық сақтау саласы жүйесін реттеу мақсатында жұмыс істедім. Сондай жағдайда көп адам бұған қуанған жоқ. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша қаншама ақша қазір де ұрланып жатыр. Оны өте жеңіл түрде, платформа жұмысы арқылы шешуге болады. Бұл қатарға электронды паспорт енгізу де бар. Адамға медициналық қызмет көрсетілгені үшін бюджеттен ақша бөлінеді. Көп адам қажетсіз лабораториялық тест өткізеді. Оған мемлекет тарапынан ақша төленеді.

Екінші жағынан медициналық мамандардың жалақысы өте төмен. Осы мақсатта ақша сұрасаң, «ақша жоқ» дейді. Министрі ретінде бірінші міндет – медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру. Себебі ол болмаса, ешқандай технология, Еуропадағы сапа болмайды. Әлем бойынша қолданылып жатқан дәрі-дәрмек пен құрал-жабдықтың бәрі бірдей. Ал Түркиямен салыстырып қарасақ, медицина саласына бізде он есе көп ақша бөлінеді.

Үкіметке, одан кейін Парламентке барып, заңды өзгертіп, халықтың денсаулығын қорғау, қаржыландыру үшін «соғысқа» шығасың. Сол кезде қолданылмай жатқан техника бар екенін айтқанда, өзің кінәлі болып шығасың.

– Бірақ ешкімнің аты-жөнін айта алмайсыз ба?

– Иә, ешкімнің атын атай алмаймын. Ол – тергеушілердің жұмысы. Тергеп, тексеруге қазір мүмкіндігім де жоқ. Қазір оған қызықпаймын.

(...) Қазір сот бітті. Бастапқы жылдары кім деген ой болды. Қазір болашақты ойлаймын. Ондай адамдар бар болса, не деймін? Бір күні бәрі анықталады. Өзіміздің күшіміз жетпесе, біздің балаларымыз бар.

– Дауға айналған платформа артынша бірнеше адам тұрған жемқорлық әрекетінің жолын кесе ме? Ол платформаны әдейі іске қоспай отыр ма?

– Иә, әрине! Оны әзірлеген халықаралық технологиялық компания – Ericsson Nikola Tesla. Олар тергеу аяқталғаннан кейін елімізге екі рет келді. Біздің Үкіметке тікелей екі рет хат жазды. Осы платформа жұмысқа дайын екенін көрсетті. Сыртқы істер министрлігіне, біздің Хорватиядағы елшімізге барды. Тіпті президентке хат жазып, қажет болса платформаны іске қосып беретіндерін айтты. Бірақ оған тергеу органы құқық бермеді. Денсаулық сақтау министрлігіндегі басшылар тергеу органдарынан қорқып, платформаны іске қосуға мүмкіндік бермеді.

Енді денсаулық сақтау министрлігі басшылығына келсек... Жаңа сөз арасында апелляциялық сотта бірінші инстанциядағы сот отырысында айтылмаған жаңа деректер көрсетілгенін айттыңыз. Соның бірі – бұл платформаның жұмысына бұрынғы министр Алексей Цойдың жауапты болғаны. Ал екіншісі – сізді және Олжас Әбішевті қолдап, петицияға қол қойғандардың арасында қазіргі денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың да болғаны.

– Платформа жұмысына қатысты сұрақтарды сізге емес, сол құжаттарға қол қойған Алексей Цойға қою қажет пе?

– Барлық мәселе сотта қаралды. Алексей Цойға сотқа келіп, қойылған сұрақтарға жауап берді. Толық ақпарат берді, себебі тергеу органдары 2015-2017 жылдары болған жағдайларға қатысты ешқандай сұрақ қоймады. Қызық жағдай... Себебі келісімшартқа 2015 жылы қой қойылған. Ол кезде Тамара Дүйсенова министр болған. Ол кезде басқа вице-министр – Алексей Цой болды. Жауапты мамандар да басқа болды. Оларға ешқандай сұрақ қойылмады. Тек 2018 жылы қабылдап алу бойынша ғана тергеу жүргізілді. Тергеудің негізгі мақсаты – шындықты таппау, Олжас екеумізді соттау. Себебі платформаны қабылдаған 21 адамнан тұратын комиссия бар. Оның ішіндегі 19 адам сотқа шықырылып, сұрақтарға жауап берді. Олардан «Менің атымнан жұмыс істемейтін платформаны қабылдап алыңдар» деген тапсырма немесе қысым болды ма деп сұрадым. Бәрі «Жоқ» деп жауап берді. «Платформаның жұмыс істейтінін көріп, тексеріп, сеніп, өзіміз қол қойдық» деді. Соның өзінде сот шешімінде «Куәгерлер Біртановтан тапсырма алып, жұмыстан шығып қалудан қорқып, қол қойды» деп жазды. Ешқандай куәгер сотқа ондай ақпарат берген жоқ. Сотта Алексей Цой «бұл платформаны іске қоссақ, бәріміз сотталамыз» деп айтып қалды. «Қысым бар ма?» деп сұрап едім, бұл сұрақтар қашты. Олар тергеу органдарынан қысым көріп отыр деп ойлаймын. Денсаулық сақтау министрлігі ғана емес, Үкімет мүшелері тергеу органынан қорқады.

– Ажар Ғиният петицияға қол қоймағанын, жеке деректерін бәзбіреулердің қолданғанын айтты. Вице-министр кезінде қол қойып, министр болған кезде пікірін өзгертіп отыр деп ойламайсыз ба? Себебі ол кісінің пікірі министрлік ұстанымы ретінде қабылданатыны белгілі.

– Осы жағдайда әріптестерім қолдау көрсетіп жатыр. Маған күш беріп отырған осы қолдау. Достарым мен әріптестерім маған сенеді. Кейінгі кездері президентке шығып, тағы да әділдік сұрап отыр. Ал министр ханымның тірлігіне қатысты пікір білдірмей-ақ қояйын. Әрбір министр алдымен өзінің жұмысы туралы ойлауы керек.

Бұрын әріптес ретінде жақсы қарым-қатынаста болдық. Қазір ешқандай байланыс жоқ.

– Басыңызға іс түскен кезде сізбен араласпай кеткен кісілер бар ма?

– Ондай адам жоқ. Мүмкін 1-2 адам ғана шығар. Басшылықтағы таныстарым мен достарым маған сенім білдіріп жүр. Ешкімнің аты-жөнін атамай-ақ қояйын. Өкінішке қарай кей жағдайда сотталған адамды жаман адам деп ойлайды. Біздің елде көп жағдайда жазығы жоқ адамдар сотталады. Оны көрдік...

– Бұрын министр болған немесе белгілі бір жоғары лауазымды атқарған кісілердің ішінде жазықсыз сотталды деп кімді айта аласыз?

– Жақсылық Күлекеев. Ол азаматты жақсы білемін. «Таза» адам екеніне сенемін. 10-15 жыл өтті, ақталды. Мұндай азамат көп. Медицина саласында да көп. Менің ұстазым, маған қолдау білдірген Жақсылық Досқалиев бар. Таза тергеуді тек кинодан көреміз. Ол кезде тергеуші келеді, сөйлеседі, түнімен ұйықтамай ізденеді. Ал қазір ондай жағдай жоқ. Екі жылдың ішінде менімен бір тергеуші сөйлескен жоқ. Компьютерде тұрған сұрақты қояды, соны теріп отырады. Екі жылда бір тергеуші келіп, «Елжан Амантайұлы, не жағдай? Сіз қалай ойлайсыз?», «платформаға не болды?» демеді.

(...) Қазақстанның болашағына сенемін! Себебі менің де, балаларымның да басқа Отаны жоқ. Елді дамыту үшін жұмыс істеуіміз керек. Кей жағдайда қорқамын. Мені қамаған кезде бауырларыма, әйеліме билікте жүрген достарым «министрлікке барған соң осындай жағдай болатынын білді ғой» деп айтқан. Жоқ, мен білген жоқпын. Мен ешқандай қылмыс жасамасам, неге түрмеге барамын?

– Елжан Амантайұлы, уақыт бөліп, редакциямыздың студиясына келгеніңізге алғыс айтамыз!

Сұқбаттың толық нұсқасын сілтеме арқылы көруге болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама