Олардың көбі мөңке және сазан балықтары екен
Экология министрлігі Шардара су қоймасындағы балықтардың қырылуына қатысты ақпарат берді.
Рейдтік іс-шаралар барысында Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы, Түркістан балық инспекциясы бөлімінің балық инспекторлары 2022 жылғы 5 сәуірде Түркістан облысы Шардара су қоймасының №2 учаскесі жағасында («Vita» ЖШС-ке бекітілген) балық шабақтарының жиналып қалғанын анықтады. Сондай-ақ балықтардың қырылу фактісін тіркеді, – дейді ведомство.
Көзбен шолып қарау кезінде шабақтардан қабыршақты жамылғының өзгерістері белгілі болды. Олардың көбі мөңке мен сазан балықтары. Балық инспекторлары мен қорықшылар салмағы орта есеппен 50-60 грамм болатын 4 кг шабақ жинады. Әрі оларды утилизациялау жұмыстарын ұйымдастырды. Шардара қаласының ветеринарлық қызметі зертханалық зерттеу үшін шабақтар сынамаларын алды. Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы олардың қырылу қаупі және (немесе) өлімі анықталған кездегі өзара іс-қимыл схемасына сәйкес, барлық мүдделі органға хабар берді. Бүгін Түркістан облысының экология департаменті мен «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-тің Арал филиалы су әрі балықтан сынама алуды жоспарлап отыр. Зертханалық зерттеу нәтижелері бойынша сараптамалық қорытынды әзірленеді.
ШАРДАРА СУ ҚОЙМАСЫ
Түркістан облысы аумағындағы Сырдария өзенінде орналасқан. 1966 жылы салынған. Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы №18-04/120 бұйрығына сәйкес, Шардара су қоймасы халықаралық маңызы бар су қоймалары тізбесіне енген. Су қоймасы 4 учаскеге бөлінген және кәсіпшілік балық аулау үшін төрт пайдаланушыға бекітілген.
Есіл өзеніндегі балықтардың жаппай қырылу себебі айтылды.